Маңғыстауда ірі мұнай компанияларына қызмет көрсететін серіктестіктердің жұмысшылары екі-үш күннен бері ереуілдетіп жатыр. Тіпті, наразылыққа шыққан топ үйлеріне де тарқамай, жиналған жерде қонып жүр. Олардың барлығы жалақы көтеруді талап етуде. "МаңғыстауМұнайГаз" компаниясының тапсырысын орындайтын "Ақтаукрантехсервистің" көлік жөндеушілері мен жүргізушілері 100 мың теңге жалақы аздық етеді дейді. Ал "Ойл Транспорт Корпорэйшн" компаниясына қызмет көрсетеміз деген жұмысшылар нағыз кедейдің күнін кешкендерін айтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.
"МаңғыстауМұнайГаз" компаниясына қызмет көрсететін "Ақтаукрантехсервис" серіктестігінің 700-дей қызметкері бірден жұмыстарын тоқтатты. Онда жүргізуші, слесарь болып істейтіндер кешеден бері Қаламқас кен орнында, Жетібай кенті мен Жаңаөзенде және Ақтауда ереуілдетіп тұр. Талаптары ортақ - жалақыны 100 пайызға көтеру. Өйткені, мардымсыз айлықпен жан бағу қиындап кетті дейді. Айтуларынша, жұмысшылар төрт ай бұрын облыстық әкімдік пен еңбек инспекциясына хат жолдаған. Бірақ одан қайыр болмаған соң, ақыры жұмысты тоқтатуға мәжбүр болған.
“Жалақыға көңіліміз толмайды. Себебі біз күніне 600-700 километрдей жүреміз. Ас жоқ, су жоқ. Обедіміз де болмайды кейде. Уақытында үйге келмейміз. Жұмысымен негізі уақытымыз 8 сағат. Біз 8 сағаттан да артық жұмыс жасап тұрдық. Алатынымыз 100 мың теңге айлығымыз. Бізбен қатар басқа мекемелерде жұмыс істейдіндер 600 мың-500 мың алады”, – дейді "Ақтаукрантехсервис" ЖШС жүргізушісі Дәрен Ғұбашев.
Басшыларының назарын аудару үшін жұмысшылар орындарынан қозғалған жоқ. Тамақтарын да осында ішіп, түнеп шыққан. Ал "West Oil Software" сервистік компаниясының 500-дей жұмысшысы да осымен үшінші күн жалақыны көтеруді талап етіп үйлеріне бармастан ереуілдетіп тұр.
“Еңбекақы өспейді. Индексация жылдық өсім жоқ. ОТК мекемесінде қандай жалақы алдық кезінде. Сондай жалақыға теңестірсе дейміз. Бізде қазір қуаңшылық, айтып жатырмыз ғой, заттың бәрі қымбат, біз кедейшіліктің жағдайында отырмыз”, – дейді "West Oil Software" ЖШС қызметкері Асылхан Тұрабаева.
"West Oil Software" серіктестігінің заңгері ереуілге шыққандарды татуластыру комиссиясын шақырғанын айтады. Бірақ, жұмысшылар одан бас тартты дейді. Ал "Ақтаукрантехсервис" компаниясының директоры Ерлан Матайбаев жалақыны тек 30 пайызға көбейте алатынын жеткізген. Бірақ жұмысшылар оған келіспей отыр.
“Жалақыны 100 пайызға өсіруді сұрайды. Бізде ондай қаражат жоқ”, – дейді "Ақтаукрантехсервис" ЖШС директорының орынбасары Анауар Матайбаев.
"Ақтаукрантехсервис" директорының өзі қазіргі уақытта Жетібай кентіндегі қызметкерлерімен келіссөз жүргізіп жатқанын айтады. Ал ереуілші топ еңбек кодексінің 103-бабына, яғни орындалатын жұмыстың күрделілігіне сәйкес жалақы төленбейінше жұмысқа шықпаймыз деп бекініп отыр.