26.08.2021, 15:20

Маңғыстау мен Қызылордадағы жұт келер жылы еліміздің бірнеше өңірінде қайталануы мүмкін

Фото: ашық дереккөзі
Экологтар еліміздегі қуаңшылықтың жалғасатынын болжап отыр.

Онсыз да жыл сайын судан тапшылық көретін оңтүстік пен батыс өңірлер үшін биылғы жаз ауыр болды. Маңғыстау мен Қызылорда облыстарында жаз түскені сол екен, қуаңшылықтан мал қырыла бастады. Үкімет жуырда төрт түліктің өлуін тоқтаттық десе де, әлеуметтік желілерде жергілікті тұрғындар мұны терістейтін фото және видеоматериалдарымен бөлісіп жатыр.

Шығын туралы айтқанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ауыл шаруашылығы министрлігінің статистикасы екі түрлі. Мемлекет басшысы өзінің Twitter-парақшасында Маңғыстау облысында 3 мың бас мал өлгенін жазса, министрлік 1 162 мал қырылды дейді.

Қорқыныштысы бұл емес, эколог мамандар қуаңшылықтың басқа өңірлерде жалғасатынын айтып дабыл қағып отыр. Яғни, бұл – жұттың басы ғана болуы мүмкін.

Еліміздегі қуаңшылық жаһандық жылынумен байланысты...

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Еділ Жаңбыршинге хабарласып, екі өңірдегі жағдай туралы сұрап едік, бұл проблема белгілі бір деңгейде ғаламдық жылынумен байланысты екенін атап өтті.

«Ғаламдық климаттың өзгеруі Қазақстанға да өз әсерін тигізетіні белгілі, оны қазірдің өзінде сезіне бастадық. Дүниежүзілік банк сарапшыларының мәліметіне қарағанда, әлем бойынша жылыну 4 градус болса, Орталық Азия аумағында бұл температура 7 градусқа дейін көтерілуі мүмкін, ал антропогендік әсерден ең алдымен агроөндіріс кешені зардап шегіп отыр.

Соңғы кезде еліміздің батыс, оңтүстік облыстарында және орталық өңірлердің кейбір тұстарында бұл өзгеріс анық байқала бастады. Бұл үрдіс осылай жалғаса берсе құрғақшылық келер жылы Қызылорда, Атырау, Ақтөбе, Түркістан, Қарағанды облыстарының кейбір аудандарында жалғасуы мүмкін», – деп түсіндірді Еділ Жаңбыршин.

Мәжіліс депутаты сөзін жалғай отырып, климаттың өзгеруі жекелеген өңірлерде  су тапшылығына әкеп отырғанын мәлім етті.

«Маңғыстау – еліміздің жылы аймақтарының бірі. Жаз айларында кейде ауа температурасы күндіз 50° цельсийге дейін барады. Мәселе күз, көктем айларында ылғалдың түспеуі болып тұр. Мысалы, Маңғыстау облысында соңғы бес жылда, яғни 2017 жылдан бері жауын-шашынның мөлшері қалыптасқан нормадан 1,5-2 есеге аз түскен. Каспий теңізінің (деңгейінің төмендеп кетуі де) тартылып кетуі жағалауға жақын орналасқан елдімекендер мен қожалықтардың мал суарып отырған құдықтарындағы судың азаюына себеп болып отыр. Бұл климаттың өзгеруінің себебінен болуы әбден мүмкін», – деді Мәжіліс депутаты.

AMP

Қанша бас мал қырылды? АШМ Тоқаевтың мәліметімен келіспей ме?

Осы орайда біз құзырлы мемлекеттік орган – Ауыл шаруашылығы министрлігіне хабарласып, қуаңшылыққа байланысты болған мал шығыны мәліметтеріне сұраған едік. Мынадай жауап алдық:

«Маңғыстау облысында өлген мал саны 1162 басты құрады, бұл облыстың жалпы мал басының 0,13% құрайды. Оның ішінде: ірі қара мал 49 бас, қой мен ешкі – 503 бас, түйе – 66 бас, жылқы – 544 бас», – деп жауап қатты Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Ал, осыдан бірер ай бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұрынғы Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровты отставкаға жіберер алдында былай деген еді:

«Биыл жем-шөппен қамтамасыз етудің қаншалықты маңызды екенін айқын сезіндік. Ауа райының қолайсыздығынан және болжам жасау жұмысының тиімсіздігінен  жағдай ушығып кетті. Әсіресе Маңғыстау және Қызылорда облыстарында жағдай қиын. Бір ғана Маңғыстаудың өзінде жаппай қырылған малдың саны үш мыңға жетті».

Ел Президенті бір жарым ай бұрын үш мыңға жетті десе, Ауыл шаруашылығы министрлігі бірер күн бұрын 1162 бас мал қырылды деп отыр. Жауапты министрлік Мемлекет басшысы келтірген мәліметтермен келіспей ме, әлде әлі де шығын санын есептеп бола алмай жатыр ма, ол жағы белгісіз.

AMP

Ал мал шаруашылығының басы-қасында жүрген Ұлттық мал өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев құрғақшылық пен жем-шөп тапшылығынан шаруалар малдың 30 пайызын жоғалтқанын айтты.

Бүгінге дейін АШМ қандай шаралар атқарды? Ведомствоның баспасөз қызметі былай дейді:

Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен Маңғыстау облысына 1,9 млрд теңге, Қызылорда облысына 1,7 млрд теңге бөлінді; ауыл шаруашылығы жануарларының алдағы қыстауына жем дайындау жоспары әкімдіктерге жеткізілді. 20 тамыздағы жағдай бойынша жоспардағы 74% шөп дайындалды; құрғақшылықтан зардап шеккен өңірлердің фермерлері үшін ауыл шаруашылығы жануарларын жаюға жайылымдар беру және шөп шабуды ұйымдастыру бойынша облысаралық өзара іс-қимыл ұйымдастырылды. Мысалы, Маңғыстау облысының малшыларына шөп шабу және жем-шөп дайындау үшін Ақтөбе облысының Байғанин, Алға, Темір және Қобда аудандарынан 100 мың гектардан астам уақытша жайылымдық жерлер бөлінді, сондай-ақ облыс әкімдіктері арасында азық құнын белгіленген бағамен беру туралы меморандум жасалды; шөп шабу үшін 210 мың гектардан астам табиғи резерват жерлері бөлінді; «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ шөпті темір жол көлігімен тасымалдауға уақытша жеңілдіктер ұсынды. Жеңілдікті тариф нарықтық тарифке қарағанда 77%-ға төмен; өңірлер астық қорын форвардтық сатып алуға «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ-мен келісім жасайды. Маңғыстау және Қызылорда облыстары үшін 1200 тонна арзандатылған арпа сатылды. Ет бағасы қымбаттай ма?

Биыл жаңбыр жоқ, төрт түлік малға талғажау болатын шөп шықпады. Елдегі қуаңшылық жем-шөп бағасына да әсер етіп отыр. Рас, соңғы жылдары жем-шөп бағасы қымбаттағаны жасырын емес. Алайда, биылғы баға тіптен шарықтап кетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір ай бұрын Үкіметтің кеңейтілген отырысында бір тонна шөптің орташа бағасы 23 мың теңге, ал кейбір аймақта 42 мың теңгеге жеткенін мәлім еткен.

Соңғы бірер аптада кей өңірлерде бір түк (шамамен 300 кг) шөп 12 мың теңгеге бағаланып отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда төрт есе қымбат. Жағдай осылай жалғаса берсе жұрттың қолдағы малын сойғаннан басқа амалы қалмайды.

Мұнан соң еттің қымбаттайтыны да белгілі. Бұл күдігімізді экономист Мақсат Серәлі де растады. Өз сөзінде ол ет бағасының өсуіне екі фактор айрықша әсер етіп отырғанын жеткізді.

«Бізде еттің қымбаттау тенденциясы жыл сайын байқалады. Ал биылғы екі облыстағы жағдай ет, мал бағасына белгілі бір деңгейде әсер етіп отырғаны рас. Қаншама мал қырылды?!

Ал екінші жағынан бағаның көтерілуіне экспорттың көбеюі айрықша себеп болып отыр. Өкініштісі, бізде шаруа қожалықтарының басым бөлігі ішкі нарыққа негізделмеген. Сыртқа шығаруға, яғни экспортқа негізделген. Себебі біздегі табиғи таза ет шетелде үлкен сұранысқа ие әрі бағасы да ішкі нарықтан екі-екі жарым есе қымбатырақ. Сұранысқа ие елдердің арасында Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері (халал стандарты бойынша), Ауғанстан көш бастап тұр.

Мемлекет егер бағаны тұрақтандыратын саясат жүргізетін болса экспортқа шектеу қоюы керек. Сол сияқты мал шығынына жол бермеуі қажет», – деп Мақсат Серәлі проблеманың екінші шетін де шығарды.

Бір қайғыны ойласаң, мың қайғыны қозғайды...

Орайы келгенде айтып өтейік, былтыр сиырдың еті 1800-2100 теңге аралығында болса, биыл 2900 теңгеден басталады. Сарапшының пікіріне жүгінсек, ет бағасының өсуі мұнымен тоқтамайды.

AMP

Министрлік келесі жылға қандай жоспар құрып отыр?

Жоғарыда айтылғандай, келесі жылға қазірден бастап қамданбаса, жағдай 2022 жылы тіптен ушыға түседі жеткізді. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі алдағы жылға қандай жоспар құрып отыр?

«Оңтүстік өңірлерге алдағы бір жарым жылда шөп-сабан жинау үшін көмек көрсетіледі», - деп қысқаша қайырды ведомствоның баспасөз қызметі.

Қорыта келе, мамандар атқарып жатқан жұмыс пен алдағы күндерге болжамның орны бір бөлек, ал жағдай күрделі екені рас. Мысалы, жан-жақтан көрсетілген көмектің арқасында қазір көтеремнен сәл оңалған мал қысқа дейін қоңданып, түгі жалтырап шыға келеді дегенге сенім аз. Ал, бір аптаның ар жағында күз хабары келе жатыр. Биылғы құрғақшылықтан кейінгі «алтын күздің» берері қаншалықты берекелі болатыны да белгісіз. «Жаман айтпай жақсы жоқ» демекші, көңілді күдікті ететін тағы бір мәселе – арық мал не союға жарамай, не сандық қатарда тұра алмай, ит жемі болып далада қала ма деген күмәнді ой. Бөлініп жатқан қаржы аз емес секілді, алайда малға ақша мен есеп емес, азық керек. Сондықтан, қазірден бастап қай аймақта қанша жем-шөп бар, қиналған шаруаларға қалай жеткізуге болады, осы мәселе шешілуі тиіс.

Тегтер: жұт Қуаңшылық