Жамбыл облысындағы жарылыстан қаза тапқан әскери қызметкерлердің есімдері белгілі болды, деп хабарлайды ЭК.
Жамбыл облысындағы инженерлік оқ-дәрілер қоймасында өрт салдарынан келісімшарт бойынша екі әскери қызметші — 1981 жылы туған сержант Марат Сайлауұлы Мешінбай және 1981 жылы туған ефрейтор Руслан Жүрсінбайұлы Жанболатов, 1969 жылы туған әскерилендірілген күзет қызметшісі азамат Оразбек Дайырбекұлы Дәлібаев қаза тапты.
Тағы оқыңыз: «Үйлерін тастап қашуда»: Тараздағы жарылыс неден болған?
Сержант Марат Мешінбай мен ефрейтор Руслан Жанболатов өрттің алғашқы минуттарынан бастап әскери бөлімнің өрт сөндіру бөлімінің құрамында болып, өртті сөндірген.
"Жарылыстардың жанында болып, олар ауыр жарақаттар алды. Әскерилендірілген күзет қызметшісі Оразбек Дәлібаев қойманы күзету жөніндегі қарауыл бастығының көмекшісі қызметін атқарды. Қызметтік міндеттерін атқаруда оқ-дәрілердің жарылуы салдарынан қаза тапты. Олардың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Қорғаныс министрлігі тарапынан қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсету бойынша барлық шаралар қабылданады", — делінген министрліктің хабарламасында.
Ал Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың айтуынша, бірнеше адам байланысқа шықпай жатыр және оларды іздеу жұмыстары жүргізілуде.