Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті жиындардың бірінде – «Волонтерлік нақты істермен көрінетін патриотизмнің жоғары деңгейін білдіреді. Отанға деген махаббат үлкен ұрандар мен бос декларациялар емес, бұл – күнделікті еңбек, соның ішінде халықтың игілігі үшін шынайы атқарылатын қайырымды істер. Бұл – күнделікті еңбек, бұл – адамның болмысы, бұл – терең білім, жоғары мінез-құлық мәдениеті», - дегені бар.
Skifnews.kz порталының назарына іліккен тағы бір тақырыбы – онкологиялық науқастарға көмек көрсететін еріктілер тобы.
Алматыдағы «Амила» онкологиялық науқастарға көмек көрсету қоры әуел баста қызметін кез келген жайтқа бей-жай қарамайтын адамдардың бастамашыл еріктілер тобы ретінде бастаған. 2014 жылы осы топтың негізінде қоғамдық қор құрылды. Оның басты мақсаты - онкологиялық аурулармен ауыратын науқастарға медициналық емес көмек көрсету, оның ішінде психологиялық, қаржылық және материалдық қолдау болды. Қоры ауырғандардың өздеріне ғана емес, олардың отбасыларына, сондай-ақ онкологиялық аурулармен жұмыс істейтін медицина қызметкерлеріне де кешенді көмек көрсетіп келеді.
Қор ауруханаларда нақты міндеттерді шешу үшін құрылған бірнеше жобаларды жүзеге асыруда. Мысалы, «Шұғыл қажеттіліктер» науқастарға көмек көрсету бағдарламасы жабдықтар, дәрі-дәрмектер, гигиена құралдарын сатып алуға бағытталған.
«Бағдарлама шеңберінде пациенттер күнделікті жеке гигиена заттарымен, бір реттік жөргектермен және дымқыл майлықтармен қамтамасыз етіледі, шетелдік өндірістің қымбат дәрі-дәрмектері, ойыншықтар, киім сатып алынады, тұрмысы төмен отбасылардан шыққан науқас балаларға материалдық қолдау көрсетіледі», - делінген Қор сайтында.
Бұл жобаның нақты нәтижелерінің бірі 2018 жылы Алматыдағы онкологиялық аурулары бар балаларға арналған «Мен сенімен біргемін» паллиативтік көмек орталығына қол ұшын беру жобасы болды. Сонымен қатар, Қордың «Көмек кеңістігі» жобасы «Алматы аймақтық балалар клиникалық ауруханасы» МКК-да және Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының балалар бөлімінің асханасында жөндеу жұмыстарын жүргізуге көмектесті.
«Амила» қорының директоры Жанна Ахмедова қайырымдылық саласындағы көмек тиімді болу үшін ойластырылған болуы тиіс екенін айтады.
Қор белсенділері ақысыз көмектесу, мейірімділік таныту сияқты адамгершіліктің табиғи инстинктін ұстанып қана қоймайды, олар сондай-ақ, ақысыз көмек көрсетудің осы процесін жүйелеуге және реттеуге күш салып келеді.
«Қайырымдылық ұғымы және оның тікелей мағынасы қоғамда дұрыс түсінік пен түсіністік бағытында енді-енді тамырланып келеді. Егер жақсы іс-әрекеттер туралы айтатын болсақ, онда олар көп емес, кем де емес. Бірақ егер жүйелілік, нәтижелілік ескерілетін сала жайында айтатын болсақ, онда, әрине, күн санап жақсы және тиімді жағына қарай өзгеріп келеді», - дейді қор басшысы.
Ол қайырымдылықты дамыту үшін тек ниет пен тәжірибе болса, жеткілікті екенін баса айтады.
«Біз жұмыста білім алып, сол ақпаратпен бөлісе бастадық. Біз өз тәжірибемізді де жинақтадық және басқа елдердің тәжірибесі негізінде жұмысымызды түзедік. Жаңа ұғымдар пайда болды, жұмыста психологиялық аспектілер қосылды, біз аражігін ажырата бастадық, бөле бастадық, басқа адамдарды тарта бастадық», - дейді ол.
Қор үшін онкологиялық науқастарға көмек көрсету саласында не болып жатқанын білу маңызды, сондықтан Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген әріптестермен жұмыс істейді. «Амила» қоры еліміздің Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Талдықорған, Қызылорда, Тараз, Шымкент сынды ірі қалаларындағы қорлармен және еріктілермен үнемі ынтымақта әрекет етеді.
«Біздің мақсатымыз – адамдарға көмектесу, егер жұмысымыздың оң нәтижесі басқа күштерді қосуды қажет етсе, біз әрқашан қолдаймыз. Бізде бәсекелестік, көреалмаушылық, жетістікке жету үшін ғана жұмыс істеу деген жоқ. Қазақстанның түрлі өңірлерінде жұмыс әртүрлі жүзеге асырылады. Қорлардың тамаша көшбасшылары бар, олар біздің бағытымыздың әртүрлі салаларында мәселелерді пысықтап, тәжірибелерімен бөліседі. Мысал ретінде, волонтерліктегі онкологиялық бағыт адамның жасына, аурудың кезеңдері мен сатыларына, оңалту шараларына, туған-туыстарына көмек болып бөлінеді, бұл психологиялық қолдау, хоспистер және тағы басқалар», - дейді Жанна Ахмедова өңірлердегі әріптестерімен жұмыс тәжірибесі туралы.
Қор директоры Қазақстандағы волонтерлік мәдениет қазір даму кезеңінде екенін атап өтті. Соңғы он жыл ішінде еріктілердің арқасында жұмыс істейтін көптеген қорлар мен ұйымдар пайда болған.