$ 498.34  519.72  4.85

Шығыс Қазақстанда кәмелетке толмаған үш баланың анасы айуандықпен өлтірілген (ВИДЕО)

45 жастағы марқұм күйеуімен ажырасқан соң кәмелетке толмаған 3 баласын жалғыз тәрбиелеп келген.

Риддер қаласында кәмелет жасқа толмаған үш баланың анасын айуандықпен өлтірді деген күдікті қамалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Қандықол – 34 жастағы жергілікті тұрғын. Бұрын да ауыр қылмыстары үшін бірнеше рет сотты болған.  Суыт хабарды естіген тұрғындар айыпталушыны қатаң жазауды сұрайды.  

45 жастағы марқұм қалалық білім бөлімінде жұмыс істеген. Күйеуімен ажырасқан, кәмелетке толмаған 3 баласын жалғыз тәрбиелеп келген. 26 тамызда ол әдеттегідей жұмысқа кетіп, үйіне қайтып оралмапты. Туыстары соққан қоңырауларға да жауап болмаған соң жақындары полициядан көмек сұрауды жөн көрген.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, келіншек жолды қысқарту үшін орман арқылы өткен. Қаскөй сол жерде жалғыз жарым келіншекке тап берген дейді. Тұншықтырып, денесіне пышақ жарақаттарын салған. Полицейлер оқиға орнынан қан іздері бар пышақты тапты. Ал күдіктіні 6 күннен кейін ұстаған, ол жасаған қылмысын мойындаған.

Есі шыққан әйел қорыққанынан жанұшыра айқайлады. «Оның үнін шығармау үшін бірден пышақ сұғып, буындырып өлтірдім» деп қосты күдікті тергеу барысында.

«6 күн бойы жедел тергеу іс-шаралары тәулік бойы жүргізілді. Қазір уақытта күдікті қамауға алынды. Оның әрекеттері Қылмыстық кодекстің 99 және 192-баптары бойынша сараланады. Олардың санкциялары 20 жылға дейінгі жазаны немесе өмір бойына бас бостандығынан айыруды көздейді», - деді ШҚО ПД криминалдық полиция басқармасының басшысы Қайрат Әбдіғалиев.

Айта кетейік, күдікті марқұмның сөмкесінен күміс әшекей ғана тапқан. Ал кісі қолынан қаза болған әйелдің 8 бен 11 жас аралығында екі қызы мен ұлы қалды. Қазір олар ата-әжесінің қамқорлығында. Ал балалардың әкесі Ақтауда көрінеді. Қамқоршылық мекемесінің өкілі оның әкелік құқығынан айырылмағанын жеткізді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#адам өлтіру