Ауғанстанның Құндыз аймағында тұратын қандасымыз Хамит Тадаш атамекеніне оралғысы келеді, деп хабарлайды ЭК.
Ауғанстан азаматы Хамит Тадаш елді тәліптер басып алғанға дейін тарихи отанына оралуды жоспарлаған екен. Алайда 10 жылдан бері Қазақстанның Ауғанстандағы елшілігіне өзінің қаны қазақ екенін дәлелдей алмаған.
Оның арғы аталары казактардан қысым көріп, 1913 жылы Қырғызстан арқылы Ауғанстанға өтіп, Құндыз деген аймаққа қоныстанады. Үш ағайынды Хамиттің екі бауыры Иранда тұрады.
— 2002 жылы Кабул университетіне оқуға түсіп, түрік тілі мен әдебиеті пәні бойынша оқып, кейін Түркия астанасы — Анкарада орналасқан Ғази университетінде түрік тілі пәні бойынша білім алдым. 2012 жылдан бастап Кабул университетінің шетел тілдері факультетінде түрік тілінен дәріс беремін. 2010 жылы Анкарада жүрген кезімде елшілікке барып Қазақстанға оралғым келеді дегенімде, олар Ауғанстандағы елшілік жауап беретінін айтты. Ауғанстан елшілігі ол жақта қазақ екеніңді дәлелдейтін туыстарың болуы керек дейді. Мүмкін Қазақстандағы Таздардың шежіре кітабында атамның есімі кездесіп қалар. Өйткені біз Кіші жүздегі Таз руынан шыққанбыз, — дейді Хамит.
Қазақша жақсы сөйлейтін Хамит ана тілін қазақша кітаптар оқып, үйреніп алған.
— Бұл жақта әкем өзбектермен аралас тұрған соң тілі де өзбек болып кеткен. Бірақ өзбекшеден сәл айырмашылық байқалады. Бір күні мен біздің сөйлеу мәнеріміз неге өзбектен ерекше деп сұрадым. Сол кезде анам біздің түбіміз қазақ екенін, аталарымыздың қиын кезеңде Қазақстаннан қашып келіп осында қалып қойғанын айтты. Үлкендер Кіші жүздің Таз руынанбыз деп айтып отыратын деді. Сол кезден бастап "мен неге ана тілімді білмеймін?" деген оймен қазақша кітаптар оқып, оны үйрене бастадым. Мен қазақ тілін Қазақстанға көшіп бару үшін емес, бабамның тілі болған соң ғана үйрендім, — дейді Хамит Тадаш.
Ауғанстанда анасымен, әйелі және бес баласымен тұратын Хамит, атамекеніне оралуды армандайды. Қазақстанда білім алуды жалғастырғысы келеді.
— Бұл жақта Тахар облысына қарасты Қазақ деп аталатын ауыл бар. Сол жерде тұратын бірнеше қазақ бауырларды танимын. Олардың көбі Ауғанстанға ертеректе көшіп келген. Кейбірі — ашаршылық жылдарында көшіп келгендердің ұрпағы. Бірақ олар қазақша білмейді. Үйрететін мұғалім жоқ. Олардың да арасында таприхи отанына оралғысы келетіндер бар, — дейді Хамит.
— Ауғанстандағы қазіргі жағдай қалай?
— Тәліптер түгелдей басып алды. Қазір халықтың жағдайы нашар. Кейбір қалалар жабылып, онда ешқандай азық-түлік келмейді. Сол себепті азық жетіспей жатыр. Банктер де жабық болған соң, жұмыс орындары халыққа айлық бере алмай отыр.
— Университеттер де жабық па?
— Мен жұмыс істейтін Кабул университетін де жауып тастады. Тәліптер оқу орындарында ұлдар мен қыздар бөлек оқысын дейді. Қыздарға әйел мұғалімдер, ұлдарға ер мұғалім дәріс берсін деген талап қойды. Ал біздің Кабул университетінде 8 мұғалімнің біреуі әйел оқытушы. Ал студенттердің 90 пайызы — қыздар.
Хамит елшілік арқылы мәселесі шешілсе атамекенге көшуге дайын. Тіпті "кез келген уақтытта үйіңнен тәліптер өлтіріп кетуі" мүмкін деген Хамит қазірдің өзінде Ауғанстаннан қашып шығуды ойлайды.
Хамит ұлдарына да қазақша есім берген. Олар — Білгехан, Санжар, Атабек.
Қазақстанға көшу үшін елімізден туыстарын тапқысы келетін Хамиттың әкесінің аты Шарафуддин, атасының аты Шермет екен. Ал Кіші жүздің Таз руынан тарайтынын жоғарыда айтты.
Қазір жалпы Ауғанстандағы қазақтардың мәселесімен еліміздің Сыртқы істер министрлігі айналысып жатыр.
— Ауғанстандағы этникалық қазақтардың өтінішіне байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сыртқы істер министрлігіне олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен қажет болған жағдайда тарихи отанына қайтару мәселесі бойынша барынша көмек көрсетуді тапсырды. Өз кезегінде біз Қазақстанның Ауғанстандағы елшілігіне осы мәселені ерекше бақылауға алу жөнінде тиісті тапсырма бердік. Бізде бар мәліметтерге сәйкес Ауғанстанда 15-ке жуық қазақ отбасы немесе 200-ге жуық этникалық қазақ тұрады, — деген болатын ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.