$ 494.87  520.65  4.91

Астанада тағы бір кішкентай сәби педофилдің құрбаны бола жаздады (ВИДЕО)

Көзінде көзілдірік, дүкеннің ішінде де шешпей жүр. Бәріміздің, бәріңіздің балаңыз бар, алаңдап отырамыз. Тұзағын ыңғайлап жүрген мына сияқтыларды құлағына тиген бетте іздеп тауып, індетіп тексермесе полициядан не үміт не қайыр?!
Фото: facebook.com/adilet.ybyrai
Фото: facebook.com/adilet.ybyrai

Астанада тағы бір кішкентай сәби педофилдің құрбаны бола жаздады. Бұл туралы журналист Әділет Ыбырай өзінің facebook парақшасында жариялады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.

«Байқаңыздар, АСТАНАДА ПЕДОФИЛ ЖҮР !!! Қорғалжын шоссесі, 31- үйде болған оқиға.

Бүгін бір танысымның кішкентай көбелегін Алла мықтап сақтады. Дүкенге нан алуға барған төрт-бес жасар қыздан жасы 45-50-лер шамасындағы бір еркек «папаң бар ма, мамаң бар ма, қайда олар» деп сұрап алып, жалғыз екеніне көзі жеткен соң алдаусыратып чупа-чупс, балмұздақ әперіп «жүре ғой, үйіңе жеткізіп салайын» дегенін көкөніс сатып тұрған сатушы естіп қалып күдіктеніп, дүкеннен шыға берген қызды жанына отырғызып қойып жібермей қойған. Бала қатты қорқып қалса керек ананың айтқандарын істей беріпті. Артынан іле-шала шыққан әлгі жексұрын көкөніс сататын жерде отырған қыз баланы көріп тоқтап, сатушы әйелді біраз сөзге айналдырған. «Көп сөзінен есімде қалғаны «газовый ключ бар, сатып аласың ба?» деді, өзім де қатты қорқып тұрдым» дейді мыңболғыр сатушы әйел. Одан әрі дүкеннен шыққан да біраз ұзап барып, кілт бұрылып баспалап қайта келіп бір қуыста тұрып аңдуға көшкен. Қыз баланы қасында 20 минуттай ұстаған сатушы сол кезде келе қалған көше сыпырушыға баланы тапсырып, сол кісі үйіне әкеліп тастапты.

Сондағы әлгі жексұрынның дүкеннен алған нәрсесі балалардың сағызы дейді. Банк картасымен есеп айырысыпты. Сол сағызды да балаларды алдау үшін алды ма деген күдігіміз бар. Алла сақтасын!», деп – жазған журналист өзінің facebook парақшасында.

Бір қызығы, бұл фактіні ішкі істер органдары тіркегенімен тергеуге еш ниет танытпай отырған көрінеді. Журналистің айтуынша, полиция қызметкерлері сәбидің әкесіне хабарласып, жазған өтінішін кері қайтарып алуды сұраған.

«Бала аман қалды, Аллаға шүкір, ендігі мәселе не дейсіздер ғой. Ендігі мәселе Есіл аудандық ішкі істер бөлімінде болып тұр. 102 қоңырауына бір сағаттан соң әрең келген құқық қорғау қызметкерлері дүкеннің камерасын қарап, куәгерлерді тергеп, болған жайдың мән-жайына қанған соң танысымды қызымен қосып Есіл АІІБ-не әкеліпті де бұлардың көзінше «мына істі сен терге де, мен терге» деп көкпарға салыпты. Бәрі басын ала қашқанға ұқсайды. Ақырында бұлар атын білмейтін, шамасы бастықтың орынбасары сияқты дейді, бір орыстілді қазақ шығып "бұл жерде ешқандай қылмыс жоқ, қылмыскер, лә-лә-лә (соның сөзі) дегенді қойыңдар" деп сол жерде бұл істің "нүктесін" қойыпты.

Бастық солай дегесін басқасы қайда барсын. Сымбат, Заманбек деген екеуі (тергеуші болса керек) бұларды жас балаша алдап «жүріңіз, сыртқа шығайық» деп тор есіктен шығарып жіберіп, өздері қайта ішке зып беріпті де, телефондарын алмай қойып, ішке кіргізбей қойыпты. Дүкенге барғанда камерадан анықтап түсіріп алған видеоларын да береміз деп алдап, 4 сағат күткізіп, ақыры бермей жіберіпті. Қаншама куәгердің «бұл-анық педофил» деген сөздеріне мұрындарын тыржитып «қайдан білесіңдер ол адамның ішінде не бар екенін, бейкүнә біреу шығар» деп селқостық танытыпты.

Міне саған қуырылған жұмыртқа! Сонда деймін, қылмыскерді бар бәле болып біткесін ғана іздеу керек пе? Мына жерде ғайыптан тайып аман қалып тұр,аман қалмаса не болады.Ол кезде полицияның іздеп тапқанынан не пайда. «Ана адамды тауып алсаңдар көзіммен көрейін, не ойы барын сұрайын, бұрын сотталған ба тексерсін, жарайды бүгін мен аман қалдым, ертең басқа біреуді сорлатпасына кім кепіл» дейді ашынған әке. Бірақ мынау күдікті әккі қылмыскер сияқты, ыстық күнде қолында қолғабы бар, еш жерге саусақ ізін қалдырмапты. Көзінде көзілдірік, дүкеннің ішінде де шешпей жүр. Бәріміздің, бәріңіздің балаңыз бар, алаңдап отырамыз.

Тұзағын ыңғайлап жүрген мына сияқтыларды құлағына тиген бетте іздеп тауып, індетіп тексермесе полициядан не үміт не қайыр?! Не үшін бұлар халықтың салығынан ақша алады?! Балалардың болашағына алаңдайтын әр адам осы постты барынша таратып, тиісті орындарды, Есіл АІІБ, Астана қалалық ІІБ, Ішкі істер министірлігіндегі лауазым иелерін белгілеп жіберсеңіздер екен. Мен белгілей алмадым. Мына видеоларда балаға балмұздақ әпергені, көкөніс сатушымен әңгімелескені, сыртқа шығып қайтып оралғаны таспаға түсіп қалған. Құқық қорғау орындарынан осы мәселені жіті назарға алып, күдіктіні міндетті түрде табуын талап етеміз», - деп атап өткен жазба авторы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары