$ 444.22  476.38  4.82

Егіздер терезеден құлаған кезде, әкесі ұйықтап жатқан

Әкесі жұмыстан келгеннен кейін, анасы оған егіздерді табыстап, өзі мейрамханаға жұмысқа кеткен.
Фото: ашық дерекөз
Фото: ашық дерекөз

Express Qazagstan тілшісі қайғылы оқиға болған пәтерге барып, мән-жайды білді.

Қайғылы оқиға қаладағы Береке ықшамауданында болған. Әкесі жұмыстан келгеннен кейін, анасы оған егіздерді табыстап, өзі мейрамханаға жұмысқа кеткен. Әкесінің көзі ілініп кеткенде, ас үйде жүрген егіздер терезе алдына шығып, үшінші қабаттан құлап кеткен. Құлаған балаларды аулада ойнап жүрген мектеп оқушылар мен есік алдында отырған көршілері көріп, жедел-жәрдемге қоңырау шалған.

Оқиғаны естіп, есеңгіреп қалдық. Бар болғаны бір жастағы бүлдіршідер ғой. Отбасыны жақсы танымаймын. Тек пәтер жалдап тұратынын білеміз, - дейді аты-жөнін атамауды сұраған көршісі.

Есік алдын сыпырып жүрген аула сыпырушысының айтуынша, балалар аулаға құлаған. Жедел-жәрдем көлігі бүлдіршіндерді облыстық балалар ауруханасына жеткізген. Алайда егіздердің біреуі ауруханада қайтыс болды. Көршілердің айтуынша, оқиға болған келесі күні ерлі-зайыптылар көшіп кеткен.

Жұмыс істейтін жас отбасы ғой. Келесі күні аяқ-астынан көшіп кетті. Қайда жерлегендерін де білмейміз. Әрине, қиын жағдай. Екінші бала аман-есен жазылып шықса екен деп тілейміз, - дейді көршісі.

Express Qazagstan тілшісі анықтағандай, егіздер — ерлі-зайыптылардың тұңғышы екен. Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасында, екінші баланың жағдайы жақсарып, жансақтау бөлімінен травматология бөліміне ауыстырылғанын хабарлады.

Сондай-ақ оқиға орнында рейдтік іс-шара өткізіп жүрген Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерін көрдік. Олар қайғылы оқиғадан кейін пәтерлерді аралап, қауіпсіздік ережелері жазылған жадынама таратып жүр.

Көптеген пәтәрлер терезелеріне темір тор орнатпаған. Балалар сол себепті құлап жатады. Жыл басынан бері қалада бес бала терезеден құлап, екеуі қайтыс болды. Егіздердің біреуі ауруханада қайтыс болды, -ТЖД бас маманы Дәурен Берденов.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#терезе #бала