Нұр-Сұлтан қаласында даңқты балуан Жақсылық Үшкемпіровке ескерткіш қойылды, деп хабарлайды Express Qazaqstan.
Монумент спортшының құрметіне аталған жекпе-жек сарайының алдына қойылды.
Бұл спорт сарайы 2019 жылы пайдалануға берілген болатын. Бес мың көрерменге арналған спорт ғимараты бокс, күрес, дзюдо, ауыр атлетика бойынша халықаралық деңгейдегі жарыстарды қабылдай алады. 2020 жылғы желтоқсан айында Жақсылық Үшкемпіровтің есімі берілді.
Жақсылық Үшкемпіров 1951 жылы 6 мамырда Жамбыл облысы, Свердловск ауданының Чапаев ауылында дүниеге келген.
Бала кезінен спортқа жақын болған ол кейін грек-рим күресіне бет бұрып, аталған спорт түрінен КСРО-ға еңбек сіңірген спорт шебері атанды.
1980 жылы 29 жасында Мәскеу Олимпиадасында топ жарды. Сондай-ақ, Жақсылық Үшкемпіров грек-рим күресінен әлем чемпионы (1981), Еуропа біріншілігінің күміс жүлдегері (1980), әлем кубогінің күміс жүлдегері (1982), екі дүркін КСРО чемпионы (1978, 1979) және КСРО халықтары Спартакиадасының жеңімпазы (1975) атанған.
Еске салсақ, 2020 жылы 2 тамызда грек-рим күресінен Мәскеу Олимпиадасының чемпионы, әлем біріншілігінің жеңімпазы, халқымыздың біртуар ұлдарының бірі — Жақсылық Үшкемпіров 69 жасында қайтыс болған еді.