$ 494.87  520.65  4.91

«Адам өлтірген мұғалім балаларымызды оқытпасын!» - Атырауда мектептен шу шықты

Атырау облысында өзінің нағашысын өлтіріп, денесін бөлшектеп тастады деген күдікке ілініп, кейін ақталып шыққан мұғалімнің мектепте жұмыс істеуіне ата-аналар қарсы
Фото: ашық дерекөз
Фото: ашық дерекөз

Атырау облысында өзінің нағашысын өлтіріп, денесін бөлшектеп тастады деген күдікке ілініп, кейін ақталып шыққан мұғалімнің мектепте жұмыс істеуіне ата-аналар қарсы, деп хабарлайды Express Qazaqstan.

Жантүршігерлік оқиға биыл қыста Атырау облысы, Махамбет ауданы, Таңдай ауылында болған еді. Бейресми деректерге сүйенсек, ауылдағы үйдің қорасынан 82 жастағы ақсақалдың бөлшектелген денесі табылады. Көптен бері үйдің маңынан шыққан сасық иіске көршілер күмәнданған. Олар полицияға хабарласып, үйді тексеруді сұрайды. Ал сол үйдегі қайтыс болған ақсақалдың жиені көрші-қолаңға есік ашпайтын болған. Мектепте мұғалім болып жұмыс істейтін әйелдің үстінен де шіріген иіс сезілген. Үйде тек екеуі тұрыпты.

Тексеруге келген полиция қызметкерлері үйдің ауласындағы қорадан ақсақалдың шіріген денесін тауып алады. Кейін Атырау облыстық полиция департаменті осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен ауылдағы орта мектепте биология пәнінен сабақ беретін әйелді ұстайды.

Әйел — қайтыс болған ақсақалдың жиені. Алайда кейін қылмыстық іс қысқарып, мұғалім қылмыстық жауапкершіліктен босатылады. Әйел ақсақалдың денесін неге қораға апарып тастағаны — белгісіз.

"Біздің мектепте адам өлтірген апай сабақ береді"

Жаңа оқу жылында жұмысына кіріскен мұғалімге ауылдағы ата-аналар қарсы.

"Менің немерем осы ауылдағы мектепте білім алады. Үнемі "Біздің мектепте адам өлтірген апай сабақ береді" деп айтып отырады. Тіпті кейде "Адам өлтірген апайдың сабағы болды" деп те айтады. Осындай қылмысқа барған адам балаларға қандай білім бере алады? Оны жұмыстан шығаруын талап етеміз", — дейді ауыл тұрғыны Нұргүл Абдолова.

Тағы бір ауыл тұрғынының айтуынша, егер әйел мектепте сабақ беруін жалғастыратын болса, баласын мектепке жібермей қоймақ. Сондай-ақ мұғалімге ауылдан көшіп кету туралы талаптар да қойылған екен.

24 жылдық тәжірибесі бар ұлағатты ұстаз

Қ.Ахмедияров атындағы орта мектептінің директоры Серік Қойбақов кезінде адам өлтірді деген күдікке ілінген ұстазды жұмыстан шығаруға ешқандай себеп жоқ екенін айтады.

Ата-аналар ұстазды жұмыстан шығаруды талап етіп жатыр. Оны жұмыстан шығаруға себеп жоқ. Қылмыстық оқиғадан кейін уақытша жұмыстан шеттетілген болатын. Бірақ прокуратура әйелді қайта жұмысқа алу керектігін айтты, — дейді Серік Қойбақов.

Әйел осы мектепте 1997 жылдан бері биология пәнінен сабақ беріп келе жатыр. Енді ата-аналар облыстық білім басқармасына шығып, өз талаптарын жеткізбек ниетте.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары