ҚР Қорғаныс министрлігі «Жаңаөзен-Ақтау» тас жолының жиегінде тұрған әскери тікұшақтар мен техникаларға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Express Qazaqstan.
"Бірқатар өңірлік қолбасшылықтардың әскери бөлімдері, Десанттық-шабуылдау әскерлері, Әскери-теңіз күштері, Әскери-әуе күштері жауынгерлік әзірлікті тексеру мақсатында дабыл бойынша көтерілді. Әскерлерді елдің өзге аймақтарына жіберуге бұйрық берілді. Бейнежазбадағы әскери тікұшақтар осы іс-шара аясында қолданылатын болады. Сол себепті қауесетке сенудің қажеті жоқ", — деді ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
EQ осыған дейін "Жаңаөзен-Ақтау" тас жолының жиегінде тұрған әскери тікұшақтар мен техникалар түсірілген бейнежазбаны жариялаған болатын. Жақын маңдағы ауыл тұрғындары тікұшақтар мен техникалар Ауғанстанға жіберіледі деп үрейленіп жүрген болатын.