$ 445.66  474.58  4.78

Алакөлдегі жалғыз басты ана немерелерімен әлі күнге дейін киіз үйде тұрып жатыр

Қазіргі уақытта жалғыз басты ана қызы мен немерелерін уақытша бір айға ғана босаған танысының үйіне орналастырған.
Фото: ашық дерекөз
Фото: ашық дерекөз

Былтыр желтоқсан айында жалға берген баспанасы жалға алушы компанияның кесірінен өртеніп кетіп далада қалған Нұрбану Тыныбаева әлі күнге дейін киіз үйде тұрып жатыр, деп хабарлайды Express Qazaqstan.

Біз бұл мәселені бұған дейін де сайтымызда көтерген едік. Сол кезде үй өртеніп кетуіне себепкер болған компания және Алакөл аудандық әкімдігі, қызы және үш немересімен далада қалған жалғыз басты ананың мәселесін осы жылдың тамыз айының соңына дейін шешіп беруге уәде берген. Нақтырақ айтсақ, "Толағай" компаниясы өздері жалға алып, артынан өртеніп кеткен үйді қайта салып беретіндерін айтқан. Үйдің барлық құрылыс жұмыстары биыл тамыз айының аяғына дейін аяқталады деп сендірген болатын.

Ал, аудан әкімі Алмас Абдинов болса далада қалған ананың мәселесін тікелей өз бақылауына алатынын айтқан. Мердігер компания өртенген баспанасын қайта салып бергенше, Нұрбану Тыныбаеваны уақытша баспанамен қамтамасыз ететінін де мәлімдеген.

Алайда, бізге бүгін қайта хабарласқан кейіпкеріміз өзінің әлі күнге дейін сол киіз үйде тұрып жатқанын айтты.

"Үйді қайта салып береміз дегендер тамыздың 24-інде біраз құрылыс материалдарын әкеп тастап кетті. Одан бері тым-тырыс. Осы жерде жүрген өкілі, бас инженерге барып сұрасам, "құрылысты жүргізетін жұмысшылар таба алмай жатырмыз. Мүмкіндігіңіз болса өзіңіз табыңыз" деп шығарып салды. Күз болса келіп тұр. Ауа-райы да күн сайын салқындап келеді. Енді қайда барарымды білмеймін", — дейді Нұрбану Тыныбаева.

Қазіргі уақытта жалғыз басты ана қызы мен немерелерін уақытша бір айға ғана босаған танысының үйіне орналастырған. Айтуынша ол үйді де қыркүйек айының соңында босатып берулері керек. Ал ауыл, аудан әкімдігіндегілер болса тіпті телефондарына да жауап бермеуге көшіпті.

Осы мәселені Express Qazaqstan көтерген соң аудан әкімдігі бізге төмендегідей жауап берген болатын.

"Ақши ауылының тұрғыны Нұрбану Тыныбаеваның мәселесін шешу мақсатында Ырғайты ауылдық округінің әкімдігі мен жауапты мамандарына тапсырма берілді. Бүгінде азаматтың мәселесі қарастырылып жатыр. Осыған орай, ауыл тұрғынына уақытша коммуналдық тұрғын үйлерден пәтер беріледі. Мәселе осы апта ішінде толық шешімін табады. Нұрбану Тыныбаеваны жақын арада баспанамен қамтамасыз ету Алакөл ауданы әкімінің басты назарында", — дейді аудан басшысының баспасөз хатшысы Қасиет Арстан.

Оның айтуынша, Тыныбаеваға бұрынғы баспанасын қалпына келтіріп беру немесе үй салып беру мәселесі аталған компания мердігерлерінің құзырында.

Аудандық әкімдік тарапынан аталған мердігер компанияға күн сайын ескертіліп, жұмыс қарқыны назарға алынды, — дейді әкімнің баспасөз хатшысы.

Айтылған мәселені Facebook әлеуметтік желісінде облыс әкімі Амандық Баталовтан да жеке назарына алуды сұрағанбыз. Облыс басшысы, өтінішіміздің астына Алакөл ауданының әкімі Алмас Абдиновты белгілеген болатын. Яғни, бұл жергілікті басшы шешуі тиіс деген нұсқау еді. Бірақ нәтиже әлі жоқ.

Бүгін аудан басшысына қайта хабарласып, жағдайға байланысты төмендегідей жауап алдық.

Ол мәселе менің тікелей назарымда. Бүгін жұмысшылар барып үй құрылысын бастауы тиіс. Ал, уақытша баспанамен қамтамасыз ету мәселесін бір-екі күнде шешеміз, - деді аудан әкімі.

Express Qazaqstan тілшілері қызы және үш немересімен баспанасыз қалған жалғыз басты ананың жағдайын алдағы уақытта да назарда ұстайтын болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары