Тараз әуежайы қолайсыз ауа райына байланысты рейстер қабылдауды тоқтатты, деп хабарлайды Tengrinews.kz әуежайдың анықтама қызметіне сілтеме жасап.
Қатты желдің салдарынан Тараздан Астанаға ұшатын және кері бағыттағы рейс жеті сағатқа кешіктірілген. SCAT әуе компаниясының ұшағы 14.15-те ұшуы тиіс болған, енді 21.00-де ұшпақ.
— Бүгін бізде екі рейс қана. Алматы бағытындағы рейстер кестеге сай аттанады. Кейінге қалдырылған жоқ, — деп хабарлады әуежай қызметкерлері.
Бүгін экс-вице-министр Мұрат Әбенов Instagram-дағы парақшасында Астанадан шығатын рейстің кідіруіне байланысты «Қазақстан-Тараз» телеарнасындағы тікелей эфирге үлгере алмайтынын хабарлады.
Бұған дейін Қазгидромет мәлімдегендей, 28 шілде күні Жамбыл облысында дауыл болатыны туралы ескерту жарияланған еді. Өңірде оңтүстік-батыстан 18-23 м/с жел соғып тұр, күндіз кей жерлерде жел екпіні секундына 30 метрден асатыны туралы айтылған.