$ 446.49  475.38  4.79

Киіз үйде тұрып жатқан жалғызбасты ана уақытша баспанамен қамтамасыз етілді

Қазір Нұрбану Тыныбаеваның өртенген баспанасын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Фото: ашық дерекөз
Фото: ашық дерекөз

Алматы облысының Алакөл ауданындағы жалғызбасты ана Нұрбану Тыныбаеваның мәселесіне байланысты облыс әкімдігі жауап берді, деп хабарлайды Express Qazaqstan.

Ақши ауылында баспанасы өртеніп, қызы және үш немересімен киіз үйде тұрып жатқан жалғызбасты ана туралы бұған дейін жазылған болатын. Осыған байланысты Алматы облыстық әкімдігінен жауап келді.

"Алакөл ауданы, Ақши ауылының тұрғыны Нұрбану Тыныбаеваның жағдайына қатысты төмендегі ақпаратты мәлімдейміз. Ақши ауылында үйі өртеніп, қызы және үш немересімен далада қалған жалғызбасты анаға Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың тапсырмасына сәйкес үйі қалпына келтірілгенге дейін уақытша баспана берілді", — дейді Алматы облыстық әкімдігі ақпараттық орталығы аудандармен жұмыс бөлімінің басшысы Меруерт Махмұтжан.

Оның айтуынша, қазір Нұрбану Тыныбаеваның өртенген баспанасын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

"Өртеніп кеткен тұрғын үйді қалпына келтіру үшін "Толағай" ЖШС-нің есебінен қажетті құрылыс материалдары толықтай жеткізілді. Кешеден бастап баспананың іргетасын құю үшін арнайы жұмысшы тобы жұмылдырылды. Және құрылыс-монтаж жұмыстарын назарда ұстау аудан әкімі Алмас Абдиновке жүктелді. Аталған мәселе толық шешімін тапқанға дейін облыс басшысының қадағалауында болады", — деп нақтылады әкімдік өкілі.

Бүгін бізге хабарласқан Нұрбану Тыныбаеваның өзі мәселесінің оң шешіліп келе жатқанын растады.

"Кеше сіздерде жазылған соң жергілікті әкімдік өкілдері келіп, уақытша баспанаға орналастырды. Енді өз баспанам біткенше қызым және немерелеріммен осында тұратынымды айтып кетті. Менің мәселемнің тиісіті орындарға жетуіне атсалысқан Express Qazaqstan порталына алғысым шексіз",- деді  кейіпкер.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары