$ 494.87  520.65  4.91

«Қазақ екенімді білсін дедім»: Өзбек президентінің алдында ана тілінде сөйлеген қазақ қызы елді тәнті етті (ВИДЕО)

Әлеуметтік желіде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің алдына шығып, қазақша сөйлеген қазақ қызының видеосы кең таралып кетті.
Фото: ашық дерекөз
Фото: ашық дерекөз

Студент кезінен бері Науаи облысында жеке кәсіпкерлікпен айналысатын Мерей Аманбаева жағымды пікір жолдап жатқан қазақстандықтардан мұндай реакция күтпегенін айтады деп жазады Turkystan газеті. 

Мерей Аманбаева Өзбекстан президентімен болған кездесуде алдымен қа¬зақша сөйлесіп, кейіннен сөзін өзбек тілінде жалғастыруының себебін түсіндірді. 

«Мен мұны бұрыннан ойлап жүргенмін. «Президентпен кездесетін болсам, алдымен қазақ тілінде сөйлеймін, осылайша ол қазақ екенімді білсін, сосын өзбекше жалғастырамын, өзбек тіліне деген құрметімді білсін» деп ойлап жүретінмін. Негізі, ереже бойынша алдымен өзбекше сөйлеп, сосын қазақ тілінде сөйлеуге рұқсат сұрауым керек екен. Ал мен керісінше алдымен қазақша сөйлеп, кейін өзбекше сөйлеуге рұқсат сұрадым, президент өзбекше жалғастыруға рұқсат сұрағаныма қуанып, алғысын білдірді. Мен үнемі айтамын: қазақ пен өзбек – түбі бір, бауырлас ұлттар. Өзбекстаннан кеудемізді итеріп, ешкім кет деп жатқан жоқ. Керісінше жағдайымызды жақсартуға мүмкіндік беріп отыр», - дейді қандасымыз. 

Мерей Аманбаеваның сөзінше, Науаи облысының әкімі Қабыл Тұрсынов Өзбекстандағы қазақтарды әрдайым қолдап жүреді. 

«Кәсіпкер болған соң, жолыңды кес-кестеп, күндейтіндер табылады. Сондай теріс пиғылы бар адамдардың маған кедергі келтіруіне жол бермей, әрдайым демеп жүреді. Ол кісі әсіресе домбырада ән шырқағанды ұнатады. Ауыл-аймақты аралаған кезде шопан қазақ-тармен бірге отырып, ән тыңдап, шүйіркелесіп қайтады. Осыдан-ақ ол кісінің қазақтың мәдениетін жоғары бағалайтынын бағамдауға болады», - дейді ол. 

Сондай-ақ, кәсіпкер қыз жақын арада Қазақстанға келіп қайтпақ ниетте. 

«Жуырда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері хабарласып, кездесуге шақырды. Командамнан бес-алты маманды ертіп, қыркүйектің жиырмаларына таман елге баруды жоспарлап отырмын. Жалпы, мен Қазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болып, жастарға қандай қолдау көрсетіліп жатқанын бақылап отырамын», - дейді Мерей Аманбаева. 

Өзбекстанда тұратын қазақ қызы елге келсе Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесіп, бейресми сұхбаттасқысы келетінін де жеткізді. 

«Өзбекстандағы қазақтардың ол кісіге тарту етер сыйлығы бар. Одан бөлек, көкейімде түйіп жүрген біраз нәрсені бөліскім келеді. Мысалы, Қазақстан және Өзбекстандағы белсенді қазақтар, әсіресе жастар ара¬сында форум өткізілсе екен деймін. Сонымен қатар екі елдегі мықты кәсіпкерлер арасында пікір алмасулар көп болғанын қалаймын. Көпшілік алдында айта алмайтын тағы басқа жобалар бар. Жалпы, ол кісімен бейресми кездесуде сұхбаттасқым келеді», - дейді Мерей Аманбаева басылымға берген сұхбатында. 

Мерей Аманбаева 21 жасынан бастап кәсіпкерлікпен айналыса бастағанын айтады. Бүгінде ол көптеген жобаға қатысып, ірі кәсіпті дөңгелетіп отырған кәсіпкерлермен байланыс орнатқан. Өз сөзінше, қазір кәсіпкер ауыл шаруашылығы мен қатар мектепке дейінгі тәрбие ісін қолға алып, балабақша ашқан. Сондай-ақ жастарға кәсіпкерлік жүргізу бойынша тренингтер өткізеді. 

Айта кетейік, Мерей Аманбаева 23 жасында Өзбек¬стан¬дағы дарынды қыздарға берілетін Зул¬фия атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды. 
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары