Оқиға Қарағанды облысының Абай ауданында орын алды. "Орталық құс" ЖШС-не тиесілі құс фабрикасында 16 283 тауық қырылып қалған. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады деп жазады Informburo.kz.
Фабрика директорының айтуынша, бұл жайтқа құс тұмауының еш қатысы жоқ. Тауықтар жем жегеннен кейін қырылып қалған. Ветеринар дәрігерлер құстардың уланып өлгенін айтып отыр. Қазір мекиендердің анализын арнайы мамандар да зерттеуде.
"Зертханалық тексерулерден кейін сальмонеллёз ауруының қоздырғыштары анықталды. Құс тұмауының вирусы жоқ", - делінген Қарағанды облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Қазіргі таңда қырылған құстың көзі толық жойылған. Фабриканың өзінде дезинфекциялық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мұнда барлығы 800 мыңнан астам тауық бар.