$ 494.87  520.65  4.91

«Мусиннің айтып тұрғаны өтірік»: Белсенді Санавар Закирова Үкіметті сотқа берді

Қоғам белсенділері егер электронды үкімет ресейлік жүйемен жұмыс істесе елдегі сот жүйесінен бастап барлық қауіпсіздік қызметтері мен құзырлы мекемелердің құжаттары Ресей билігі үшін ашық болып кете ме деп алаңдайды.
Фото: ашық дерекөз
Фото: ашық дерекөз

Қазақстан мен Ресейлік СБЕР компаниясымен жасалған меморандумға наразылықтың күшейгені сонша белсенді Санавар Закирова ел үкіметін сотқа берді. Қоғам белсенділері егер электронды үкімет ресейлік жүйемен жұмыс істесе елдегі сот жүйесінен бастап барлық қауіпсіздік қызметтері мен құзырлы мекемелердің құжаттары Ресей билігі үшін ашық болып кете ме деп алаңдайды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап. 

Екі жылдан бері Egov-қа еті үйренген халық енді ғана электронды үкіметтің "қызығын" көре бастағанда ресейлік гостех цифрлық платформасын енгізу отанды сатумен бірдей деген белсенді Санавар Закирова меморандумды заңсыз деп тану үшін Қазақстан үкіметінің үстінен сотқа арыз түсірген.

“Айтишниктер бәрін көріп отырады. Сол сияқты мен сізге бірден айтамын. Ресей көреді. Неге десеңіз ол бәрібір бұзылатын зат. Бір жері болмаса бір жері дұрыс істемей қалады. Сол кезде олардың техподдержка деген сөзі бар. Жасап болған соң тағы бір жыл, екі жыл техподдержка істеп береді. Сол уақытта істемей қалса біз оларға айтамыз. Олар келеді ананы істейді, мынаны істеп береді. Сол кезде бәрін көреді. Оларда бағдарламаға кіруге рұқсат бар. Ана Мусиннің айтып тұрғаны өтірік”, – дейді белсенді Санавар Закирова. 

Ал миллиондарды алаңдатқан сұраққа цифрлық даму министрі Бағдат Мусин фейсбуктегі бір ғана жазбамен жауап берген. 

Онда: Egov порталы тек Қазақстанға тиесілі және ешкімге берілмейді. Egov-тың орнына сапалы, заманауи платформа орнатқысы келетінін жазған. Ал осы платформаға бөлінетін 500 млн доллардың бәрі бірдей Сберге жұмсалмайды. Министр қаржының бір бөлігі жергілікті IT нарығын инвестицияландыруға, бір бөлігі инфрақұрылымдық шешімдерге және үшінші бөлігі СБЕР-ден шешімнің өзін сатып алуға кететінін көрсеткен. Осылай деген министр бұл жобаны іске асыруға отандық IT компанияларды тартпақ.

Ал вице-министр Асқар Жамбакин отандық мамандардың мұндай платформаны әзірлеуіне 3-5 жыл уақыты кетеді деген жауап берді.

Елдегі IT саласының мамандары Егов платформасын алмастырудың қажеттілігі жөнінде бұған дейін мәселе көтерілмеген. Және бұған қажеттілік қазір де жоқ деп санайды. Egov-тың әлі де бес жыл мүлтіксіз жұмыс істей алатынын мысал қылған сала маманы Садық Шерімбек қажетті жүйені әзірлей алатын Қазақстанда IT-шілер аз емес деп отыр. Осы ресейлік платформаны енгізу арқылы мемлекет үлкен тәуелге барады дейді инновациялық жобалар кеңесшісі. 

“Енді ойлаңыз айналып келгенде бір 5-7 жылдың ішінде сіздің шағын және орта бизнестегі айналымның бәрі Сбербанкімен жүретін болады. Цифрлық үкіметке байланысты БҰҰ-ның рейтингінде Қазақстан 193 мемлекет арасында 29 орында, Ресей 36 орында тұр. Сіздің, мемлекеттің шағын және орта бизенсі басқа елдің банкіне, басқа елдің әлеуетіне тәуелді болды деген сөз мемлекеттен айырылдым дей беріңіз ол”, – дейді технологиялық инновациялық жобалар кеңесшісі Садық Шерімбек. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары