$ 494.87  520.65  4.91

Атырауда Арыс пен Тараз трагедиясы қайталана ма?

Атырауда әскери қойма қала ішінде орналасқан.
Фото: ашық дерекөз
Фото: ашық дерекөз

Атырауда әскери қойма қала ішінде орналасқан, деп хабарлайды Express Qazaqstan. Қала ішінде "Батыс" өңірлік қолбасшылығы бар. Әскери бөлім маңында халықаралық маңызы бар темір жол, жеке және көпқабатты тұрғын үйлер, бір шақырым қашықтықта облыстағы ең үлкен базар және емханалар тұр. Әрине, қалада Арыс пен Тараз оқиғасы қайталанса, адам шығына да, материалдық шығын да көп болары анық.

Тағы да бір 5546 "Ұлттық Ұлан" әскери бөлімі қала маңындағы Водниково ауылында орналасқан. Оның маңында тек жеке тұрғын үйлер мен саяжайлар емес, бірнеше шақырым жерде Атырау мұнай өңдеу зауыты, кәсіпорындар, жанар-жағар май стансалары және жүк пойыздарына газ құю стансасы бар.

Қорғаныс министрлігі сарбаздардың әскери дайындығына арналған оқ-дәрі сақталатын қойманың әскери бөлімде бар екенін растады. Алайда нақты қай әскери бөлімде екені мемлекеттік құпия.

Министрлік еліміздегі, сондай-ақ Атырау облысындағы әскери қоймаларды елді мекендерден алыс жерге көшіруді қарастырып жатыр. Жаңа орындар оқ-дәрілердің қауіпсіз сақталуын қамтамасыз етеді, -дейді Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Еске салсақ, 26 тамыз күні Жамбыл облысы, Байзақ ауданындағы әскери бөлімде өрт шығып, арты жойқын жарылысқа ұласқан болатын. Жарылыстан ондаған үй қирап, көптеген әлеуметтік және жеке нысандарға зақым келді. Жарылыстан 17 адам қаза тапқан болатын.

Осыдан екі жыл бұрын, яғни 2019 жылдың 24 маусымында Арыстағы әскери оқ-дәрі қоймасы жарылды. Жойқын жарылыстан төрт адам қаза тапқан. Олардың екеуі — әскери, біреуі — бейбіт тұрғын, ал бір бала эвакуациялау кезінде жол апатынан мерт болды. Ресми мәлімет бойынша, қаладағы 7527 үй мен көпқабатты 103 тұрғын үй зақымданса, 420 үй мен 3 қабатты үй құлатылған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары