Нұр-Сұлтанда дәрігерлер үстемақысын даулап жатыр. Барлығы коронавируспен ауырғандарды емдеп, ішкі істер министрлігіне қарасты госпитальдің инфекциялық стационарында жұмыс істеген. Олар "қызыл" аймақта екі айдан астам уақыт жүргенін, бірақ қауіпке толы еңбектері үшін тиісті төлемдер алмағанын айтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Маңдай тер ақысын талап еткендер бүгін аурухана алдына жиналды. 15 шілдеден бастап, ішкі істер министрлігінің емханасы бар орталық госпитальде үш инфекциялық стационар ашылған. Содан бері мұнда қызмет атқаратын 199 ақ халатты өзінің еңбегіне тиесілі ақыны ала алмай жүр. Көмек сұрап бармаған жері, қақпаған есігі жоқ.
"Ойбай" деп барлығы бала-шағасын тастап осы жерде жүрді. Сыз кешіп, тұмсығымызды жауып. Үстімізден су ағып жатты”, – дейді олар.
Жыл басынан бері індетке шалдыққан жүздеген науқасты емдеген ақ халаттылар ашулы. "Басшылықтың уәдесіне тойдық" дегендер енді соттасуға да дайын.
“Ойнап жүрген жоқпыз. Ақша табу үшін келдік. Қаншама қиындық көрдік. Енді ақшамызды талап етеміз. Жоғарыға шағым жазамыз, сотқа дейін барамыз”, – дейді мейірбике Нәзира Бақытбек.
Қосымша қаржыны күткендердің қатарында Сайлаугүл Айтбаева да бар. Ол осында арнайы бөлімше ашылғаннан бері қызмет атқарып келеді. Күн-түн демей қызмет еткенде 51 мың теңге алатын ана төрт баласын қалай асырарын білмей отыр.
"Мама" деп шырылдайды. Баламды мектепке киіндіре де алмадым, былтырғы киіммен барды. Әлі күнге дейін төлемеді. Мен гипертоникпін, күнде дәрімен жүрмін. Аяқ-қолдарына массаж жасадық. Қыздар үлгермей жатыр. Жүгіріп соларға көмектесеміз”, – дейді ол.
Ал госпиталь бастығының айтуынша, қаржы жоғары жақтан дер кезінде аударылмаған. Дегенмен, алдағы күндері міндетті түрде алады деп сендірді.
“Қазір бізде қаржы жоқ. Осы орталық атынан қаржы министрлігіне және қажетті комиссияға өтініш жаздық. 24 тамыздағы комиссияның қаралымы бойынша арнайы орындарға тапсырма берілді. Қаржы берілетін болды. Енді аударылуын күтіп отырмыз. Қызметкерлер шілде, тамыз, қыркүйек қаржысын міндетті түрде алады”, – дейді ішкі істер министрлігінің емханасы орталық госпиталь бастығы Аманжол Байменов.
Госпиталь басшысының сөзіне қызметкерлер жауапқа қанағаттанбады. Десе де, әліптің артын бағуға келісті.