Қарқынды дамып келе жатқан қазақстандық қоғам өмірінің барлық саласы жетілдіріліп, ілгерілеуде. Прогрестің басты ресурсы - адам әлеуеті, онда әсіресе, жастар жетекші рөл атқарады. Skifnews.kz ақпараттық порталы жастар саясатындағы өзекті мәселелерге шолу жасап көрді.
Бүгінде Қазақстанда жастарды мемлекеттік қолдаудың кешенді шаралары жүзеге асырылуда, жастардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту үшін айтарлықтай бюджет те бөлінуде. Сонымен қатар, жастар арасындағы жұмыссыздық, суицид, жастар арасындағы көші-қон процестері және т.б. мәселелер ерекше өзектілікке ие. Қабылданып жатқан мемлекеттік шараларды қарқынды жетілдіру жастар арасындағы әлемдік трендтердің ықпалын да талап ететінін де айта кеткен жөн.
ҚР Президенті Қ.Тоқаев биыл жыл басында өткен VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында азаматтық қоғам өкілдерінің белсенділігін арттыру, жастар саясатын жетілдіру және қайырымдылық қызметін қолдауға барынша назар салған еді.
«Мемлекеттік жастар саясаты саласындағы заңнаманы жетілдіру – негізгі міндеттің бірі. Депутаттар «жастардың әлеуметтік қызметтері» деген ұғымды заң жүзінде ресімдеуі керек. Әлемдік тәжірибеге сәйкес Қазақстанда «Жастардың даму индексін» енгізген жөн. Жергілікті атқару органдарының жастар саясатын жүзеге асыруға қатысты жұмысы соның негізінде бағаланады», деп атап өтті Президент.
Жастарға арнап...
Жалпы, елімізде жастардың саны 3,8 миллион немесе жалпы халықтың 20%-ын құрайды. Мемлекеттік жастар саясатын іске асыру мақсатында 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын және «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңда айқындалған жастарды қолдау жөніндегі бірқатар бағыттарды қамтитын 2021-2025 жылдарға арналған жастарды қолдау жөніндегі кешенді жоспар қабылданған.
Бұдан бөлек, жастар саясатын іске асыру жөніндегі Институционалдық база құрылды. Оның ішінде 209 өңірлік жастар ресурстық орталығы, 218 жастар ісі жөніндегі өңірлік кеңестер, сонымен қатар, кәсіпорындарда, жоғары оқу орындары мен колледждерде 897 жастар ісі жөніндегі комитеттер құрылған. Бұл да аз шаруа емес.
Алайда, жұмысқа орналастыру, қолжетімді тұрғын үйдің болмауы және сапалы білім алу жастар арасында өзекті проблема болып қала бермек.
Жастарға жұмыс бар ма?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, жастарды жұмыспен қамтудың белсенді түрлеріне тарту үшін бірқатар шаралар қолға алынған. Cоның бірі - «Еңбек» жобасы. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2018-2020 жылдары оқытуды ұйымдастыруға 68 млрд.теңгеден астам қаражат бөлінген, 25,7 мың адам білім алып шықты. Оның ішінде 17,7 мың адам немесе 68,9%-ы жұмысқа орналастырылған. ТжКБ жүйесі бойынша оқытумен тағы 21 мыңға жуық адамды қамту жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, вице-министр еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді курстарды (12 айға дейін) ұйымдастыру үшін 35,8 млрд.теңге бөлінгенін атап өтті. 2017-2020 жылдары осы бағдарлама бойынша шамамен 188,6 мың адам (оның ішінде 75,1 мыңы - жастар) білім алған.
Ал кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін жастарға өз ісін ашу үшін микрокредит беру мүмкіндігі берілді. Жаңа бизнес-идеяларды дамытуға 11 мың жас адамға өтеусіз негізде 200 АЕК мөлшерінде мемлекеттік гранттар бөлінген. Сондай-ақ, өткен жылдан бастап бағдарлама аясында 12 айға дейін еңбекақыны субсидиялай отырып, «Бірінші жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісімі» жобалары енгізілді.
Бас қайғы болған баспана
2019 жылдың өзінде елорда (1050 пәтер), Алматы (1050 пәтер) және Шымкент (900 пәтер) қалаларында жұмыс істейтін жастарға 5 жыл мерзімге 3 мың пәтер берілді. Жалдау ақысы 15 мың теңгеден аспайды. Бұл ретте тұрғын үй алаңы кемінде 40 шаршы метр. 2022 жылдан бастап жұмыс істейтін жастар үшін жалға берілетін тұрғын үйлер Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында ғана емес, өзге өңірлерде де салына бастайды.
Сонымен қатар, 3 мыңнан астам жас маманға 13,5 млрд теңге сомасына тұрғын үйге бюджеттік кредиттер берілді. «Дипломмен ауылға» жобасының қатысушыларына 1500 АЕК (3 787 500 тг) аспайтын сомада бюджеттік кредит беру көзделген.
Қазақстан Республикасындағы жастар саясаты ең алдымен жастарды жастар саясатын іске асыруға тартуға, өзін-өзі жүзеге асыру үшін құқықтық және ұйымдастырушылық жағдайлар жасауға, сондай-ақ азаматтық ұстанымды қалыптастыруға және патриоттық құндылықтарды дамытуға бағытталған. Тұтастай алғанда, Қазақстанның жастар саясатының заңнамалық базасы жастардың құқықтық мәртебесін реттейді, Қазақстанда мемлекеттік жастар саясатын әзірлеу мен іске асырудың құқықтық негіздерін белгілейді.