Қаржылық мониторинг агенттігі бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа қатысты қылмыстық іс бойынша түсініктеме берді, деп жазады baq.kz.
Агенттікке БАҚ өкілдерінен бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа қатысты қылмыстық іс бойынша түсініктеме неліктен берілмей жатқанына қатысты сауал келіп түсті. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етуге жатпайтынын хабарлаймыз. Мәліметтер тек прокурордың рұқсатымен ғана жариялауға берілуі мүмкін. Айта кету керек, тергеу деректерін ашуға жол бермеу туралы талаптар тек тергеу органдарына ғана емес, сонымен бірге қорғау тарапына да қатысты. Сондықтан объективтілік мақсатында агенттік қылмыстық істің егжей-тегжейін түсіндірмейді, - деді Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Гаухар Сапарбаева.
Оның сөзінше, іс фигуранттарының кінәлілігін немесе кінәсіздігін Конституцияның 77-бабының 3-бөлігіне сәйкес тек сот қана айқындай алады.
Еске сала кетсек, шілдеде агенттік бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның орынбасары Олжас Әбішевке қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады.
Біртанов пен Әбішев Денсаулық сақтау министрлігінің Ақпараттандырудың жұмыс істемейтін платформасын қабылдау және пайдалануға беру арқылы лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген күдікке ілінді. Платформа денсаулық сақтау жүйесіндегі мәселелерді жедел шешу үшін науқастар, дәрі-дәрмектер және медициналық бұйымдар туралы барлық ақпаратты біріктіруі тиіс еді.
Жүйе ешқашан жұмыс істемеген және оны медициналық мекемелер пайдаланбайды, бұл жиналған дәлелдермен расталады. Орындалмаған жұмыстардың құны 4,1 млн АҚШ долларын немесе 1,5 млрд теңгені құрайды, - деді ресми өкіл.
Одан бөлек, Біртанов санитариялық авиацияның әуе кемесін 2020 жылғы маусымда жеке мақсатта пайдалану кезінде өкілеттіктерін асыра пайдаланды деп күдіктеліп отыр. 7 шілдеде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы жарияланды.
Гаухар Сапарбаева атағандай, осы уақытқа дейін Біртанов тарапы қылмыстық іс материалдарымен танысты. Соттың үйқамақта болу мерзімі биылғы жылдың 14 қарашасына дейін ұзартылды. Танысу нәтижелері бойынша прокурор айыпталушыларды сотқа беру туралы мәселені қарайды.