Еліміздің Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Жамбыл облысының әкімдігімен, банктермен және өзге де қаржылық ұйымдармен бірлесіп, Байзақ ауданындағы жарылыстан қаза тапқан азаматтардың отбасыларының борыштық жүктемесін азайту жөнінде шаралар қабылдады.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев айтты. Оның сөзіне қарағанда, жергілікті билік бұдан өзге де көмек көрсету шараларын қолға алған.
«Банктермен, микроқаржы ұйымдарымен және коллекторлық агенттіктермен жүргізілген жұмыстарымыз нәтижесіз аяқталған жоқ. Төтенше оқиға салдарынан қайтыс болған қарыз алушылар мен олардың артында қалған жесірлерінің берешектерін толық көлемде есептен шығару жөнінде бірыңғай шешім шықты. Бүгінгі таңда 47 несие бойынша берешек толығымен өтелді», - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.
Айта кетейік, 26 тамызда Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлім аумағында болған өрт пен жарылыс кезінде 17 азамат қаза тапты. 1 адам хабар-ошарсыз кеткен. Қаза болғандардың арасында төтенше жағдайлар департаментінің, прокуратураның қызметкерлері мен әскери қызметшілер бар.
Жарылыста қаза болған әр адамның отбасында кем дегенде төрт баладан бар. Байзақтағы қайғылы жағдайдан кейін 15 отбасы асыраушысынан айырылып, қара жамылды. 15 әйел жесір қалды, 34 бала жетім қалды.