$ 494.87  520.65  4.91

Алматы облысында мектеп директоры еден жуушыны сотқа берді

Директор бұрынғы қызметкерінен 3 млн теңге өндіртіп алмақ.
Фото: ашық дерекөз
Фото: ашық дерекөз

Алматы облысында мектеп директоры бұрынғы қызметкерін сотқа берді. Сотқа жауапкер ретінде шақырылған Ұлболсын Қыстаубаева Кербұлақ ауданына қарасты Күреңбел орта мектебінде бес жылдай еден жуушы болған. Мардымсыз жалақымен жүрген Сарыөзек кентінің тұрғыны жұмыстан қуылған соң бұрынғы бастығының үстінен біздің редакцияға арызданған еді.

Оның айтуынша, директор жұмысшының есеп-шотына артық ақша аудартып, оны кейін жинап алып отырған көрінеді. Бұл әрекет 5 жылға жалғасқан екен. Ал, мұндай айыптаумен келіспеген директор ар-намысын қорғап, бұрынғы қызметкерін сотқа берді. Директор төрт баланың анасынан үш миллион теңге өндіртіп алмақ. Бітіспес даумен жүрген тараптардың тартысын Azattyq Rýhy тілшісі тыңдап көрді.

«27 қыркүйек күні алғашқы сот болды. Адвокат жалдайтын жағдайым жоқ. 1 қыркүйектен бастап басқа жұмысқа – «Қазақтелекомға» кірдім, ол жерде де еден жуам. Айлығым 56 мың теңге, одан зейнатақы мен салық ұстап қалады. Төрт балам бар, үшеуі ер жеткен. Үш миллион теңгені директорге қайдан тауып берем? Мен төлемеймін, ондай ақшам жоқ. Сотқа жалғыз бардым, барлығын айтып бердім. Карточкама артық ашқа түсіріп отырған, соны апарып беріп тұрғанымды айттым. 12 мың, 20 мың теңгеден бердім. Кейін мен шатақ шығарған соң артық ақша жазбады. 2016 жылдан 2020 жылға дейін беріп келдім. Маған артық ақша жазба деген соң тоқтатты. Содан кейін мені жұмыстан шығарды, қазір басқа жұмыс таптым», - деді Сарыөзек кентінің тұрғыны Ұлболсын Қыстаубаева.

Бұрынғы қызметкерінің айыптауларымен келіспеген мектептің директоры оны бірден сотқа беріп, еден жуушыдан қомақты ашқа өндіруді талап еткен. Өзінің ар-намыс, қадір-қасиеті және іскерлік беделін қорғамақ болған Күреңбел мектебінің директоры арызды  шілде айында сотқа жолдаған. Еден жуушы мен лауазымды тұлғаның арасында азаматтық істі Кербұлақ аудандық сотының судьясы Садиева қарайды.

Бұл сот процесіне Малайсары ауылдық мектебі директорының міндетін уақытша атқарушы Күнсұлу Мүлікбаева да шақырылған. Қыстаубаева екеуінің арасындағы дау ертеректе басталып, екеуі бұған дейін де бір рет соттасқан екен. Енді Мүлкібаева айтқан сөздері үшін сот алдында тағы жауап береді.

«Кәмшат Болатханқызының арызы негізінде мені де сотқа шақырды. Мен ол директордың көптеген заңсыз әрекеті туралы құзырлы органдарға арыз жаздым. Осы іс бойынша қазір Талдықорғанда жүрмін. Тексерулер болды, нәтижесін білмекпін. Маған соттан жұма күні хабарласып, сізді де сотқа тартып жатырмыз деді. Барам келесі сотқа. Қазір сотта өзімді қорғайтын адам іздеп жатырмын», - деді Күнсұлу Мүлікбаева.

Ал басы даудан арылмаған Кәмшат Қыстаубаева толассыз тексерістерден шаршағанын айтады. Жүйкесі ғана емес, жүрегі де сыр берген. Білім саласында 25 жылдық тәжірибесі директордың басшылық қызметте жүргеніне 13 жыл болыпты. Аудандық мәслихатта бұрын депутат болған. Қазір оның қол астында 106 қызметкер бар. Соңғы екі жылдан бері соттасумен жүр. Жан азабы мен тән азабын тарттым деген директор өзіне келтірген моральдық зиянды 3 миллион теңгеге бағалап отыр.     

«Ұлболсынды сотқа бердім, ол жауапкер. Ұлболсын бірінші сотта «Күнсұлу (Мүлкібаева – авт.) көмектесеміз деп айтты, айтқандарымды басқа жақта жариялайтынын білген жоқпын» деген. Сондықтан сотқа Мүлікбаевада шақырылды. Күнсұлумен арамыздағы дау аудандық директорлардың чатындағы жазба арқылы басталған. Сол адамның жазуымен менің үстімнен 4-5 тексеру болды, тағы келіп жатыр. Мен ешқайда арыз жазып жатқан жоқпын, өзімді қорғап отырмын. Бұл кісі мен туралы қаншама жерге жазды. Бұрын да оны сотқа беріп жеңгенмін. Мен бұл дауды тоқтатайық деп алдынан төрт рет өттім. Медиацияға да барайық дедім, қоймайды. Айдалада жүрген адам, басқа мектептің басшысы, 15-20 км жердегі ауылда отырып біздің мектепте несі бар, қандай қатысы бар?», - деді Кербұлақ ауданы Күреңбел орта мектебінің директоры Кәмшат Қыстаубаева.

Бірін бірі сотқа сүйреп жүрген директорлар облыстық білім басқармасындағы басшылардың да тілін тыңдамаған. Дауды ауданның әкімі де тоқтата алмапты. Педагогикалық қылықтарға жат істерімен аты шыққан тұлғалардың әрекеті енді Білім басқармасы әдеп кеңесінің отырысында арнайы қаралмақ.

«Судья істі қарап шығып, аталған азаматтық іс бойынша ҚР АПК-нің 52-бабына сәйкес Күнсұлу Жұмабекқызы Мүлікбаеваны үшінші тұлға ретінде іске тарту қажет деп санайды. ҚР АПК-нің 52, 268-баптарын басшылыққа ала отырып ұйғарды», - делінген Кербұлақ аудандық сотының судьясы А.Садиева шығарған ұйғарымда.

Күреңбел мектебінде кіші техперсонал болған Ұлболсынның ісі сотта 6 қазан күні қаралмақ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары