$ 494.87  520.65  4.91

Қытай Қазақстанға транзиттік шектеу енгізді: шекарада төрт мыңнан астам жүк көлігі тұр

Қазақстандық кәсіпкерлер 8 млрд теңге шығынға батқан.
Фото: news24.pro
Фото: news24.pro

Қытайдан келетін тауарлардың кешігуінен қазақстандық бизнес 170 миллиард теңгеге шығынға ұшырады деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Эпидемиологиялық жағдайға байланысты Қазақстанның теміржол қатынасын қытайлық тарап өткелдер арқылы тоқтатып отыр. Әсіресе, Нұр жолы˗Қорғас және Алашанькоу˗Достық бағытында тасымалданатын 5 мыңға жуық контейнер бұрын шамамен 25 күн ішінде жеткізілетін болса, қазір қозғалыс тоқтап тұр. 

Қытайдан Қазақстанға бір контейнерді теміржолмен тасымалдау құны 2 жыл ішінде 4-5 есе, ал автомобиль көлігі 5-6 есе өскен.

Қазақстан май одағының хабарлауынша, карантинге байланысты Қытайдағы Циндао портында транзит толығымен тоқтатылған. Бұл портта азық-түлік салынған контейнерлер бары анықталып отыр. Олар онда сәуір айынан бастап тұр. Қытайдан келетін шикізат өнімінің тапшылығына байланысты отандық кәсіпкерлер тығырыққа тірелді.

Орын алған жағдайды пандемиямен тікелей байланысты десек те, көрші Қытай елі транзиттік шектеуді тек Қазақстанға ғана енгізген.

Қытайдың Қазақстанмен темір жол қатынасы тоқтағанымен Қытайдан Еуропаға Қазақстан арқылы өтетін транзит ашық. Оның үстіне Қытайдан Еуропаға теміржол арқылы жүк тасымалы айтарлықтай өсіп жатыр.

Туындаған мәселеге қатысты таяуда Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мәлімдеме жасады.

«Қазіргі уақытта Алтынкөл станциясының аумағында Қытайдан келетін жүктері бар 4 мыңнан астам контейнер жинақталды, олар Қазақстанға және басқа елдерге одан әрі жөнелтілуі керек еді. Контейнерлердің жиналуына тасымалдауға арналған теміржол арбалары болмауы себеп болып отыр. «Достық» бекетінде кеден қызметі шығарған, бірақ тасымалдауға қабылданбаған 206 контейнер бар», ˗ деді министр.

СІМ басшысы мәлімдегендей, контейнерлерді тасымалдауға арналған теміржол арбаларының жетіспеуіне Германиядағы су тасқынының зардабы кері әсер етен. Еуропадан «Қазақстан Темір Жолы» АҚ жіберген платформалар тым кеш қайтарылып жатыр.

«Бүгінде «Нұр жолы˗Қорғас», «Бақты-Покиту», «Достық-Алашанькоу» бақылау-өткізу бекеттерінде шектеулер енгізілген. Қытайлық тараптың пікірінше, «Қалжат-Дулат» бақылау-өткізу пунктінің жұмысын қалпына келтіру үшін ҚХР-да бекіту алаңдары, дезинфекциялауға арналған жабдықтар мен қондырғылар, кедендік тексеру залы және т.б. түріндегі қосымша инфрақұрылымның құрылысы қажет», ˗ дейді Сыртқы істер министрі.

Белгілі болғандай, эпидемиологиялық жағдай тұрақтанған жағдайда, қытайлық тарап «Нұрлы Жол˗Қорғас» арқылы 2021 жылдың қарашасынан бастап күніне 150 жүк көлігін қабылдауға дайын.

Айта кетейік, шекарада қалып қойған вагондардың иелері 8 млрд теңге шығынға батқаны хабарланған болатын. Ал импорттаушылар мен жүк алушылардың шығыны 170 млрд теңгеге дейін жетеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#шекара #Қытай