$ 494.87  520.65  4.91

Алматы имиджін TikTok-пен түземек

Қала әкімдігі алматылықтарды қала күнімен құттықтауға арналған Almaty TikTok challenge байқауын жариялады.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Алматы замана үрдісімен қатар жүріп, түрленген, тіпті қайта түлеген шаһар болмақ. Ол үшін қала әкімдігі ақшаны аяр емес, әрине бюджет қа­ражатын. Бұл жолы креатив деген әдемі әрі тізесі шыққан сөзді жалау етіп, тағы да сол форум өтпек. Ол үшін жүздеген миллион теңгені жұм­­сауға даяр. Форум форматы онлайн болса да, осындай қомақты қар­­жы керек екен. Бұдан бөлек, әкімдік алматылықтарды қала күнімен құттықтауға арналған Almaty TikTok challenge байқауын жариялады, деп жазады aikyn.kz.

«Байқауға Алматының танымал тик­токерлері шақырылды, олар қаланың әртүрлі бөліктерінде бейнероликтер тү­сіреді, бұл қаланың туристік және мәдени әлеуетін ілге­рілетуге ықпал етеді. Мұнда жалпы қоғамның дамуына әсер ететін мағыналар, материалдық активтер мен трендтер туады. Бұл форумды өткізу­дің негізгі міндеті Алматы қаласында жә­не жалпы елде креативті экономика сала­сының қалыптасуы мен дамуына жәрдем­десу, халықаралық ынтымақ­тас­тық­ты дамыту және тәжірибе алмасу, креативті индустриялар саласында жаңа жобаларды іздеу және іске қосу», – дейді Қ.Сарыбаев.

Бұдан бөлек, басқарма Almaty Creative Class онлайн білім беру платформасын іске қосып, контентпен толтыру үшін  38,8 мил­лион теңге жұмсағалы тұр. Ол да бюджеттік ақша.  Бұл қаражатқа креативті эконо­миканың басым бағыттары бо­йынша үш тілде 10 оқыту курсы түсіріледі.

«Креативті» қызметкерлер Jas Stars және Almaty Creative Industries Forum шарасы үшін 232 млн теңге жұмсауды көздеген. Сондай-ақ жаңажылдық мереке үшін 68 млн теңге,TikTok, Instagram, Facebook және YouTube әлеуметтік же­лілері арқылы онлайн жарнама үшін 35,5 млн теңге бөлу жоспарланған.

Үнем үнемді болғаны жөн

Осы жерде бізге мұндай шығыны көп түрлі мәдени-экономикалық шара керек пе деген ой туады? Былтыр жыл басында Қа­зақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында корона­вирус індеті кезінде шығыстарды үнемдеу мақсатында ең алдымен қымбат көліктер мен жиһаздарды сатып алуға, түрлі форум өткізуге ұзақмерзімді мора­торий жариялады. Елімізде өткізілетін іс-шаралар нақты тәжірибелік және идео­ло­гия­лық пайда әкелетіндей болуы тиіс» деген еді Мемлекет басшысы.

Сол себепті 2020 жылғы Қазақстан Дүние­жүзілік сауда ұйымының министр­лік кон­ференциясы мен Астана эконо­микалық форумы біріктіріліп өткізілді. Осылайша, ел билігі форумға бөлінетін ақшаны үнем­деп қалды.

Астана экономикалық форумы – жаһан­дық мәселелерді талқылауға және шешуге арналған жыл сайынғы диалог алаңы. Форум әлемдік көшбасшылардың, халықаралық сарапшылардың, ғалым­дардың, саяси және қоғам қайраткер­ле­рінің, түрлі қаржы инсти­туты мен бизнес-қоғамдастықтар өкілдерінің басын қосады.

Сондай-ақ мемлекеттік органдар мен өңірлердің, квазимемлекеттік субъекті­лердің тиісті қадамдық әрекеттерінің Жол картасы бекітілді. Кейінгі мерзімге қал­дыруға болатын қазіргі басымды емес шығыстар, жобалар мен шаралар және де жаңа жобалар, олардың ішіндегі кейінге қалдыру шартымен бюджетте қарас­тырылған жобалар тізімі жасалды. Барлық әлеуметтік міндеттердің толық орындалуы қамтамасыз етіледі. Одан бөлек, инфля­ция дәлізінің қайта қарастырылуын ес­кере отырып, зейнетақы, жәрдемақы және атау­лы әлеуметтік көмектерді индек­­сациялау үшін шаралар қабыл­данады.

Кейінгі кезде мемлекет қымбат фо­румдар мен конференцияларсыз өмір сү­руге бола­тынын біліп, оның барлығын те­ле­­коммуни­кация режиміндегі кез­десу­лермен алмас­тырған. Егер осы дәстүр 10-15 жыл бойы жал­ғасса, бюджет қан­шама қар­жыны үнемдер еді. Бұл пандемия ке­зінде күрт азайған іссапарларға да қа­тысты.

Әскери форум неге керек?

Биыл тамыздың 22-28-і аралығында Ре­­сейдегі «Алабино» полигонында халық­ара­­лық әскери-техникалық «Армия-2021» фору­мы өтті. Әскери форумның мақсаты – Ресей әскерінің әл-ауқатын паш етіп, сырт­қы жауларына кезекті рет доқ көрсетіп қою екені айтпаса да түсінікті.

Міне, осы «Ресей Армиясының имид­жін нығайтатын» халықаралық көрмеге Қазақстан да қатысты. Қазақстан қалай қатысты? Немізді көрсеттік? Ашық ақпарат көздеріндегі дерекке қарағанда, бұл шараға қатысу үшін бюджеттен 190 млн теңге бөлінген. Бұл қаржы 200 шаршы метрлік экспо-орынды жалға алуға, 200 адамды тамақтандыруға (бірінші және екінші ас, түрлі тәттілер, тағы басқалар), сондай-ақ басқа да көр­меге қажетті керек-жараққа жұмсалмақ.

Біздің көрмеге келушілерді дәстүр бойынша қазақша киінген екі сұлу күтіп алып, экранда Қазақстанның әскери саладағы жетістігін насихаттайтын фильм ойнап тұрған… Бірақ ақпарат көздерінде біз осы әскери көрмеде қандай жаңа техникаларымызды қойдық, саттық, олар халықаралық сарапшылардан қандай бағасын алды деген деректерге жауап таба алмадық.

Ондай мәлімет жоқ. Соған қарағанда, әйтеуір Ресей ұйымдастырған шараға қаты­сып, ақшаны құр босқа шашып кел­генге ұқсаймыз.

Имиджді емес, экономиканы да ойлаған жөн

Бірақ көріп жүгеніміздей, біздің шенеу­нік­терді пандемия да, қаржылық дағдарыс та, халықтың әл-ахуалының төмендеуі де үнемділікке үйретпеген сияқты. Ол түсі­нікті де. Өйткені Үкімет «имидждік» шара­лар ұйымдастырудың шебері болып алған және оған бөлінген қаржыдан қырнап-жонып, өздері де үстеме пайда тауып отыр. Сондықтан түпкілікті нәтижесі күмәнді, қаржылық пай­дасы жоқ қымбат форумдар мен басқосулар­ды өткізуден оңайшылық­пен бас тарта қой­масы анық.

Сондықтан ешқандай экономикалық нәтижесі жоқ, тек қаржы шығындайтын мұн­дай форумдардан бас тартқаннан басқа жол жоқ. Мемлекеттің қаржысын жалпы шашуға болмайды, ал мұндай қысылтаяң заманда күмәнді шараларға ақша шашу мүлдем ақылға сыйымсыз іс. Одан да бұл ақшаны ел эконо­микасының қажетіне жаратқан абзал.

– Егер шынтуайтына келер болсақ, имидж­дік шараларды ұйымдастыру белгілі бір топқа ғана пайдалы. Оның пайдасын, әсіресе бұл шараларды өткізуге қатысқан мердігер бизнес-құрылымдар көретін болады. Шенеуніктер мен компаниялардың топ-менед­жерлері мол тапсырысқа кенеліп қала­ды.  Имидждік шаралар өткен соң оған жұмсалған ақшаны ешкім сұрамайды, өйткені бұл жаңадан салынған зауыт емес қой, оның өнімі «қайда?» деп талап қоя­тын. Мұндай шара­ларды өткізудің тиім­ділігі де сонда»,– дейді Zertteu Recearch Institute қорының жетекшісі Шолпан Әйтенова.

Әрине, бұл форумдар өткізілмесін деген сөз емес. Мәселе қандай форумның, қанша ақшаға өткізілуінде. Қазір Қазақстан үшін имиджден гөрі экономикалық пайдасы бар шараларды өткізудің маңызы зор. Өйткені бүгінге дейін біздің елде ұйымдастырылатын жиындардың көпшілігі атақ пен дақпыртқа құрылған, тек ілуде біреуінің ғана эконо­мика­лық маңызы бар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары