$ 494.87  520.65  4.91

«Балам, саған бұл жерде орын жоқ!» - о дүниені көріп қайтқан ақтаулық фотограф

Ол Ақтау қаласындағы облыстық аурухананың жансақтау бөлімінде 56 күн жатқан. Ал оның 25 күні ес-түссіз өткен.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Маңғыстаулық кәсіби фотограф Салауат Жәнібекұлы жол апатына ұшырап, бір айға жуық ес-түссіз жатқан. Ол комада жатқан кезінде тірілерге беймәлім әлемді көргенін айтты, деп хабарлайды Express Qazaqstan.

Салауат жол апатына 8 мамыр күні түскен. Тасжолға шығып кеткен түйеге көлік соқтығысып, ұзақ уақыт аурухана төсегіне таңылды. Дәрігерлер оның жанын өлімнен арашалап қалу үшін барын салды.

Қадір түнінің қарсаңында көлік апатына түстім. Көлік түйеге соғылыпты, мен артқы орындығында отырғанмын. Жол апаты туралы есімде ештеңе жоқ, — дейді Салауат Жәнібекұлы.

Айтуынша, Ақтау қаласындағы облыстық аурухананың жансақтау бөлімінде 56 күн жатқан. Ал оның 25 күні ес-түссіз өткен.

"Салауат сен 25 күн комада жаттың сонда не көрдің" деп менен жақындарым жиі сұрайды. Көзімді ашсам аппақ бұлттың ішінде жүр екенмін. Алдымда үлкен қақпа болды. Сол есіктің алдында көп адамдар кезекте тұр екен. Мен де кезекке тұрдым, кезегім жақындап есіктен кіре бергенімде, есіктің алдында бір ақсақал маған, "Балам, қайда барасың, кейін қайт, сенің кезегің әлі келген жоқ" деп қайтарды. Мен елден қалмай есікке кіруге қайта ұмтылдым, сол кезде әлгі ақсақалды ата, "балам, саған бұл жерде орын жоқ" деп кеудемнен қатты итеріп жіберді. Мен есіктен кіре алмаған соң жан-жағыма қарасам, өте биік тас қамал екен. Ол жерден өту мүмкін болмады", —дейді Салауат Жәнібекұлы.

Оның есінде бұдан басқа ештеңе қалмаған. Айтуынша, алыстан құран оқылған дауыс үзіліп-үзіліп естілгендей болыпты. Жол апатына түскен көлік жүргізушісін де, түйенің иесін де кешірген Салауат "мен үшін біреу қиналғанын қаламаймын" дейді.

Ауруханадан шыққаныма 3 ай болды. Аллаға тәубе, қазір жағдайым жақсы. Менің аман қалғаным бірінші Алланың шапағаты, аталардың аруағы, халықтың тілегі, дәрігерлердің еңбегі, емшілердің емінің арқасы деп ойлаймын, — дейді ол.

Оның мамандығы фотограф. Денсаулығы қалпына келісімен Ақтаудағы өзін емдеген дәрігерлердің күнделікті тіршілігін суретке түсірсем деп жүр. Қатарға қосылысымен кәсіби мамандығына қайта кіріспек ниетте.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары