$ 444.22  476.38  4.82

Таксишілердің жолақыны неліктен әйелдерінің картасына аудартатыны белгілі болды

Өмірде көп табыс тауып, жетістікке жеткен әрбір таксисттің артында жолақыны өзінің банк картасына аудартатын бір мықты әйел тұрады.

Күнделікті бір жерге бару үшін такси шақыртсақ, жүргізушілердің төлем қабылдар кезде әйелдерінің картасының нөмірін айтатыны жиі кездеседі, деп жазады Express Qazaqstan.

Айтыскер ақын Мұхтар Ниязовтің әзілдеп, "өмірде көп табыс тауып, жетістікке жеткен әрбір таксисттің артында жолақыны өзінің банк картасына аудартатын бір мықты әйел тұрады" деп айтқаны бар. Сондықтан осының себебін бірнеше такси жүргізушісінің өз аузынан естігенді жөн көрдік.

Асхат (30 жаста. Қарағандылық таксиші):

Үйленген кезде біраз несие алдық. Соны уақытылы төлей алмай, іс сотқа өтіп кетті. Кейіннен сот орындаушысы есеп-шоттарымды бұғаттап тастаған еді. Маған жіберсең ақшаны жұтып ала береді. Амал жоқ, клиенттерге әйелімнің картасының нөмірін айтамын. Жетісіп жүрген ешкім жоқ. Қайтеміз енді?

Азамат (42 жаста. Алматылық таксиші):

Таксист болған соң, көп жүруге тура келеді. Қанша тәжірибелі жүргізуші болсаң да, жол ережесін бұзбай тұра алмайсың. Оның үстіне, "Сергек" секілді камералар аямайды. Сондықтан айына бірнеше рет айыппұлдар келеді. Уақытылы төлей алмайсың. Карта бұғатталады. Сосын әйелімнің картасын айтамын. Кейде інімдікін де беремін.

Ғабит (54 жаста. Шымкенттік таксиші):

Мен кешке жұмыстан кейін ғана таксиді қосымша табыс көзіне айналдырғанмын. Сосын сенбі-жексенбі тұрақты шығып тұрамын. Арасында клиенттер шықса менің жұмысқа бара жатқан бағытым болса ала кетемін. Ал картаға келсек, ақша аударуы оңай қосымшасы бар банктен есеп-шот ашылмаған. Жұмыстағы жалақы алатын банктің қосымшасын көп ешкім пайдаланбайды. Жастардың бәрі ұялы телефондарымен аудара салғанды жөн көреді. Түнде үлкен кісілер сирек жүреді. Жастардың қолында қағаз ақша бола бермейді. Сосын қызымның картасының нөмірін беремін. Ақшаны анасы екеуі бөлісіп алады.

Едіге (36 жаста. Ақтаулық таксиші):

Мен қағаз ақша бергендерді өзім аламын. Картаға аударатындары әйеліме тиесілі. Солай келіскенбіз. Екеуміз де жұмыс істемейміз. Күніне картаға орта есеппен 10 мыңдай түседі. Әйелім ол ақшаға азық-түлік алады. Үйдің коммуналдық шығындарын төлейді. Балалардың мектепке керек-жарақтары бар. Қағаз ақшаны өзім жаратамын. Бензин, көліктің бұзылған кезде саймандары бар. Арасында кешке шаршағанда аздап сыра сатып алып ішемін.

Қайрат (61 жаста. Астаналық таксиші):

Қазақ еркектері ақша ұстамайды, тапқан-таянғанын әйеліне әкеп береді. Жарататын, жеткізетін — сол әйел. Еркек отбасының несібесін әйелге беріп дағдыланған, ал "левыйға" тек "левый" түскен ақшасын жұмсайды, ешқашан отбасы несібесіне тиіспейді. Бір қолда ұстаған несібе берекелі болады. Қазір ғой, орыстанып, кейбір еркектер ақшаны өздері ұстайды. Әйелдері салақ па, өздері тар ма, оны білмеймін.

P.S. Бірнеше жүргізушілермен сөйлесіп көрдік. Арнайы таксиге де міндік. Көбінің жауабы ұқсас. Негізінен сол карталары жабық, бұғатталып қалған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары