Биылғы жыл мал шаруашылығына оңай болмады. Қуаңшылық жайылым жерлердің жағдайына да, егістік алқаптарына да теріс әсер етті. Өткен жылдармен салыстырғанда шөп аз шығып, аптап ыстықта уақытынан бұрын қурап кетті. Бұның бәрі жем-шөп бағасының қымбаттауына әкеліп соғып, соның салдарынан мал басы кеми бастады, деп хабарлайды Skifnews.
Мамандардың айтуынша, биылғы қуаңшылық ауыл шаруашылығы саласындағы көптеген мәселелердің басын ашып, көрсетіп берді. Оның қатарында егістікжәне жайылым жерлерінің құнарлылығының төмендеуі, жем-шөп дайындауға қажетті жер көлемін арттыру мәселелері бар.
Биылғы ахуалды тұрақтандыру үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі бірқатар шаралар қабылдады. Жем-шөп дайындау бойынша жергілікті және орталық атқарушы органдардың қызметін үйлестіру жөніндегі республикалық жедел штаб құрылып, қазіргі таңда қарқынды жұмыс істеп жатыр.
Сонымен биылғы жем-шөп даярлау жұмысы қалай жүріп жатыр? Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, мал азығы дақылдары егілетін егіс көлемінің ең төменгі көрсеткіші 2006 жылы тіркелген. Ол кезде бұл көрсеткіш 2,2 млн гектарды құраған. Ал 2021 жылы 3,2 млн гектарды құрады. Бұл 2006 жылғы көрсеткіштен 955,5 мың гектарға артық. Биыл диқандар осы дақылдарды жинау науқанын уақытылы басталды. Қазір қызу жұмыс үстінде. Осыншама гектар жерден қанша өнім түскені орақ науқаны аяқталғанда белгілі болады.
Ал шөпке келсек, қыркүйектің соңында 23,2 млн тонна шөп жиналған. Бұл жоспар 98%-ға орындалды деген сөз. Бұған қоса 1,5 млн тонна (94%) пішендеме, 1 млн тоннадан астам (53%) сүрлем, 2,9 млн тонна (61%) сабан дайындалған.
Сондай-ақ қуаңшылықтан қиындыққа тап болып, шығынға батқан өңірлерге көмек көрсетілді. Қызылорда және Маңғыстау облысына Үкімет 3,6 млрд теңге бөлді. Резервтен бөлінген бұл қаражат жем-шөп сатып алуға кеткен шығындарды жабуға бағытталған. Қазірге дейін Маңғыстауда бұл қаражаттың 1,2 млрд теңгесі игеріліп, 632 шаруа қожалығының және 6021 жеке қосалқы шаруашылықтың шығыны өтелген. Ал Қызылордада осы облысқа бөлінген 1,7 млрд теңгенің 1 млрд теңгесі 692 шаруа қожалығының шығынын жапқан. Бұдан бөлек, жем-шөп сатып алу үшін Маңғыстау әкімдігі жергілікті бюджеттен 5,3 млрд теңге бөлді. Оның 1,9 млрд теңгесі 26 мың тонна шөп алуға, 3,4 млрд теңгесі 34 мың тонна жем алуға бөлінген.
Жем-шөп бағасы қымбаттағандықтан Шымкент қаласы, Солтүстік Қазақстан облысы, Атырау, Қостанай, Ақтөбе, Павлодар облыстары қосымша жем-шөп сатып алуға 13,6 млрд теңге бөлді.
Биылғы тамыздың соңынан бастап малға беретін шөп түрлерін ел аумағынан шығаруға уақытша тыйым салынды. Сонымен қатар малға беретін дақылдар экспортын квоталау туралы бұйрықтың жобасы әзірленді.
Ауыл шаруашылығы министрлігі мал азығын егетін шаруашылық субъектілерін меншік нысанына қарамастан ынталандыруды әрі қарай да жалғастыра бермек. Осы бағытта бірқатар мемлекеттік қолдау шаралары жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда дақыл өсірушілер минералдық тыңайтқыш, пестицид, тұқым алу үшін субсидия алуға, су жеткізу қызметін арзандату үшін субсидия алуға, инвестиция, несие түріндегі тағы басқа қолдау шараларын пайдалануға құқылы.