Алматы облысының мұғалімі танымал ток-шоуға қатысқаннан кейін жұмыстан шығуға мәжбүр болғанын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
34 жастағы Индира Патталова Қарасай ауданы, Қаскелең қаласындағы орыс тілінде оқытатын Пушкин атындағы мектепте жұмыс істеген. Ол - ағылшын тілі мұғалімі. Оның айтуынша, қазанның басында "Еуразия" бірінші арнасындағы QosLike жобасына қатысқан. Екі-үш күннен кейін мектеп директоры шақырған.
"4 қазанда ток-шоуға алғаш рет бардым, тікелей эфир болды. Бағдарлама қатысушыларының біріне үміткер ретінде қатыстым. Бұл әрекетім жұмысыма әсер етеді деп ойламадым. Алайда мектеп директоры шақырып, түрлі сұрақтар қойды. Олардың айтуынша, оқушылардың бірінің ата-анасы эфирді көрген. "Өз қалауыммен жұмыстан кетемін" деп жұмыстан шығуға арыз жазсам, жақсы болатынын айтты, яғни мәжбүрледі. Солай істеуіме тура келді.
Олардың пікірінше, мұғалімдер телешоуларда жүрмеуі керек. Олар бұл ток-шоуға жұмыссыз адамдар қатысатынын айтты. Мектеп әкімшілігі басқа ата-аналар да көріп, сын айтады деп қорықты. Бірақ бағдарламада жаман ештеңе жасамадым, артық ештеңе айтпадым", - деді Патталова.
Бұл салада оның 10 жылдан астам тәжірибесі бар. Бұл мектепте бір ай ғана жұмыс істегенін атап өтті. Оның айтуынша, бұған дейін төрт жыл Нұрсұлтан Әлімқұлов атындағы мектепте еңбек еткен. Ол жерде Патталова оқу ісінің меңгерушісі болып жұмыс істеген.
"Жеке өмірімді ретке келтіру үшін ол жерден кеттім. Себебі ажырасқаныма алты жыл болды, осы уақыт ішінде ешкіммен сөйлесуге тырыспадым. Сондықтан биыл әр адам өз махаббатын іздейтін QosLike ток-шоуына барамын деп шештім. Бірақ алғашында оқу ісі меңгерушісі болсам, мұндай бағдарламаларға қатыса алмаймын деп ойладым. Сондықтан мұғалім ретінде қызметімді жалғастырамын деп шешім қабылдадым. Жеке өмірді мансаптан биік қойдым. Бірақ бірінші әрекетім сәтсіз болды", - деді ол.
Индира Патталова болған жағдайға өкінбейтінін, өмірінде өзгерістер болатынына үміттенетінін айтты.
"Мұғалімдерге көп нәрсеге тыйым салынғанын білемін. Бірақ ток-шоуға қатысуымның салдары осылай болады деп ойламадым. Бұл әрекетіме ешкім ештеңе айтпайды, ары кетсе, ұрысады деп ойладым. Бәрі осылай өзгеріп кетті, бірақ өкінбеймін. Қазір демалып жатырмын, сонымен қатар, болашақта не істейтінімді, жоспарларымды ойланамын. Мүмкін, репетитор боламын", - деді педагог.
Патталова QosLike бағдарламасының үш шығарылымына қатысты. Ол эфирде болған уақытында әлеуметтік желіде жағымсыз пікірлер келгенін айтты.
Алматы облысының білім басқармасы Патталованың жұмыстан кету себебін түсіндірмеді, тек мұғалімнің жұмыстан шыққанын растады.
"Индира Патталова 2021 жылдың 1 қыркүйегінде Пушкин атындағы мектепке ағылшын тілі пәні мұғалімі ретінде жұмысқа қабылданды. 2021 жылдың 1 қазанынан бастап өтінішіне байланысты өз еркімен жұмыстан босатылды. Бұған дейін Әлімқұлов атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болған", - деді басқармада.