$ 494.87  520.65  4.91

«Сберді» мақтаған блогерлерге қанша төледі? Сұраққа Мусин жауап берді

«Сонда блогерлер мен кейбір журналистер «Сбер» команиясының платформасын тегін мақтап жатыр ма?» деген сұрақты Мусин жауапсыз қалдырды.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі минисрі Бағдат Мусин Мәжілістегі «Үкімет сағатына» қатысып, мемлекеттік қызмет көрсету саласын дамыту бойынша есеп берді.

Жиында Мәжіліс депутаттары министрліктің ресейлік «Сбер» компаниясымен жұмыс істеуін сынап, өз ойларын ортаға салды. Алайда Бағдат Мусин көрші елдің платформасынан басқа мемлекеттер ашық кодтарды бермей отырғанын айтып, ақталды.

Үкімет отырысынан кейін Бағдат Мусин журналистердің сұрақтарына жауап беріп, «Сбер» компаниясының мақтауын асырды.

Nege.kz тілшісі «Ресей ашық кодтты береміз деп, оны жасырып қалмасына қандай кепілдік бар?» және «Әлеуметтік желіде «Сбер» платформасын мақтап жазып жатқан блогерлерге министрлік қанша ақша бөлді?» деп сұрады. Министр Мусиннің жауабы төмендегідей.

– Біздің бірінші талабымыз – ашық кодтарды бізге беру болып отыр. Екінші талабымыз – тек қана Қазақстандық ІТ мамандар платформада жұмыс істейді және ақпараттық жүйелерді автоматтандырады. Ашық кодтарды алып, өзіміздің ІТ қауымдастықпен бірге жұмыс істеп, өзімізге керек нәрсені өзіміз құрастырамыз.

– «Сберден» толыққанды бас тарту мүмкін бе?

– Бізде ашық кодтарды алу туралы бір ғана талап бар. Егер жоғары деңгейдегі платформасы бар комапаниялар ашық кодтары бізге беруге дайын болса, әрине, біз басқа мемлекеттің ақпараттық жүйелерін қарастыруға дайынбыз.

– Сізге «Сберді қайтсең де өткіз!» деген тапсырма берілді ме? Өйткені ресейлік компанияны табандап жақтап жүрсіз. Сіздер неге ашық тендер өткізбейсіздер? Бәлкім, өзге бір елдің компаниясы келісетін шығар...

– Біріншіден, бұл сұрақтың саяси астары жоқ. Бұл – технологиялық сұрақ. Мәселен 30 жыл бұрын техниканы Америкадан немесе майкрософттан алған кезде бізге ешкім сұрақ қойған жоқ. Азаматтық қауымдастықтың қазіргі сұрақтары мен үшін өте маңызды. Сондықтан ондай сұрақтар қойылып жатса, оған жауап беруге әзірмін.

– Қоғам қарсы болып отырса да заң қабылдайсыз ба?

– Заң жүзінде біздің техникалық құжаттар әлі дайындалуы керек, соны дайындап, зерттеулер жүргізіп алайық. Біздің талаптарымызға қандайда бір платформа сәйкес келетін болса, ол комапниямен келіссөздер жүргізуге дайынбыз.

– Ресейден басқа елдерден қызығушылық болған жоқ па?

– Жоқ, болған жоқ. Біз қарастырып, зерттедік. Негізі платформаны үлкен технологиялық комапаниялар ғана жасай алады. Мемлекет емес, технологиялық комапниялар жасайды. Мәселен Facebook, google деңгейіндегі платформаларды қарастырдық. Алайда олар ашық кодты бере алмайды. Сондықтан біз ашық кодты беретіндермен сөйлестік. Мәселен Қытай ашық кодты беруге дайын екенін айтып, бір талап қойды. Бірақ бізге олардың талабы ұнамаған соң келіссөз жүргізген жоқпыз.

– Ресей қаншалықты сенімді? Мәселен олар ашық кодты береміз деп жасырып қалмай ма? Яғни, олардың ашық кодты беретініне қандай кепілдік бар?

– Біздің талап орындалмаса келісім-шарт болмайды. Біздің ақпараттық қауіпсіздік заңнамамызға сәйкес, ашық код бізге берілмесе неге келісім-шарт жасаймыз?

– Мәселен ашық кодтың көшірмесін өзінде ұстап қалуы мүмкін бе?

– Оларда көшірмесі емес, оригиналы болады. Ал бізге беретін ашық кодттар біздің платформа болады. Олар кіре алмайды.

– Қазір әлеуметтік желіде «Сбер» платформасын блогерлер мен кейбір журналистер мақтап, жазып жатыр. Министрлік блогерлерді жалдау үшін қанша ақша төледі?

– Төленген жоқ...

«Сонда блогерлер мен кейбір журналистер «Сбер» команиясының платформасын тегін мақтап жатыр ма?» деген сұрағымызды Мусин жауапсыз қалдырды. Бұған дейін қоғамда «жалдамалы жендет» болып танылған кейбір блогерлер тегіннен-тегін саусағының ұшын да қимылдатпайтынын ойлап қойдық. Сондықтан әзірге бұл сұрақтың басы ашық.

Nege.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары