$ 494.87  520.65  4.91

Қазақстан әуежайларында жанармай таусылып жатыр

Әуе қатынасына тоқтау қаупі төніп тұр.
Фото: stan.kz
Фото: stan.kz

Нұр-Сұлтан, Ақтау және Ақтөбе әуежайларында жанармай таусылып жатыр. Бұл туралы SСAT әуекомпаниясы мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz.

Компанияның хабарлауынша, Қазақстанның үш қаласында жағдай ушығып кетті. Ақтауда отын қоры алдағы төрт күнге, Ақтөбе мен Нұр-Сұлтанда екі күнге ғана жетеді.

"Ұшақ керосині айтарлықтай азайып кетті. Ұшу кестесін 100% орындалуын қамтамасыз етуге тырыстық. Алайда отынның қажетті көлемін ала алмай, Қазақстандағы көптеген әуежайда компанияның жанармай қоры сарқылды", - деп мәлімдеді SCAT.

Нұр-Сұлтаннан шығатын рейстер 19 қазанда тоқтап қалудың аз-ақ алдында тұрған. Соған байланысты компания екі еселенген тариф бойынша аз мөлшерде отын сатып алған. Алайда ол екі күнге ғана жетеді.

"Ақтау, Ақтөбе және Нұр-Сұлтан әуежайларында ұшақ керосині де таусылды", - деп атап өтті компания.

Ұшақ отыны өндірісі көлемінің едәуір төмендеуі тасымалдаушы компанияның аз мөлшердегі отынды әлдеқайда қымбатқа сатып алуға мәжбүр еткен.

"Бұл ұшу кестесінің толықтай үздіксіз орындалуын қамтамасыз ете алмайды. Оның үстіне билет құнына әсер етуі мүмкін. Себебі әуе отыны билет құнының кемінде 40%-ін алады. Яғни, жолаушы зардап шегеді", - деді әуекомпания.

Сонымен қатар әуекомпания шетелдік экспорттаушылар есебінен де бұл мәселені шеше алмайды. Себебі шетел нарығында да отынға деген сұраныс жоғары.

Компания Қазақстанның авиация нарығының барлық субъектілеріне әуе отынын үздіксіз жеткізу үшін үкімет шұғыл араласуын сұрады. 

Бұл жағдай туралы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы түсініктеме берді. Олардың мәліметінше, Астана әуежайының үздіксіз жұмыс істеуіне қауіп төніп тұр. 

"Қазіргі таңда елімізде авиациялық жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету жағдайы өте күрделі. Бүгінгі таңда астана әуежайында авиакомпанияларды, тіпті тұрақты жолаушылар рейстері үшін де авиакеросинді үздіксіз қамтамасыз ету жағдайының бұзылғаны байқалады", - делінген әуежайдың баспасөз хабарламасында. 

Әуежай баспасөз қызметінің хабарлауынша, қыркүйек және қазан айларында Қазақстанда отын тапшылығына байланысты күрделі жағдай қалыптасқан. 

“Қазақстандағы ірі ресурс ұстаушылар мен жеткізушілер авиаотынды уақытылы жеткізуді қамтамасыз етпейді. Бұл әуежайдың өңірлік көлік торабы ретінде қалыпты жұмыс істеуіне айтарлықтай әсер етеді. Мәселен, Ресей Федерациясындағы өнім жеткізушілер бірқатар себептерге, соның ішінде ішкі сұраныстың артуына байланысты Қазақстанға авиаотынжеткізуден бас тартты",-деп "Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы" АҚ баспасөз хатшысы Анвар Шалекенов. 

Астана әуежайына авиаотынды жеткіу бойынша қатаң келісімшарттар жоқ. Осыған байланысты отынның қажетті көлемінің жеткіліксіз жеткізілуіне байланысты күрделі жағдай қалыптасуда. Ал әуежайда бар резерв іс жүзінде жұмсалған. 

Қыркүйек пен қазан айларында тапшылық пен бағаның күрт өсуіне байланысты 14 мың тонна авиаотын жеткізілмеген. Осыған байланысты бүгінгі таңда барлық резервтер таусылды. 

"Қараша айында бірде-бір жеткізуші авиаотынды жеткізу көлемін растамады. Жаңа келісімшарттар бойынша жеткізу жұмыстары 15 қарашадан ерте басталмайды. Біз жүк рейстеріне жанармай құюға шектеулер енгіздік және жақында оларды мүлдем тоқтатуға мәжбүр боламыз. Содан кейін авиакомпанияның деректерін Қазақстанға қайтару мүмкін болмайды", - деп толықтырды Анвар Шалекенов.

Сондай-ақ, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Нұр-Сұлтан әуежайындағы жағдайға байланысты жауап берді.

Министрлік қыркүйектің басында Қазақстанның барлық әуежайы мен әуе компанияларына әуе отынын шығаратын Павлодар мұнай-химия зауытындағы жоспарлы жөндеу жұмыстары туралы ескертілгенін айтты.

“Дегенмен тұрақты жолаушылар және жүк рейстері үздіксіз қамтамасыз етілді. Энергетика министрлігімен бірлесіп, зауыттардан, жеке компаниялардан, "ҚазМұнайГаз-Аэро" жұмысын қайта бастағанға дейін әуе компаниялары мен әуежайларға отын жеткізу кестесін әзірледі. Бүгінгі таңда әуежайларда 27,9 мың тонна отын бар. 9,2 мың тонна зауыттардан жөнелтілді. 15,6 мың тоннаға келісімшарт жасалды. Жалпы көлемі 53 мың тонна”, – делінген хабарламада.  

Министрліктің мәлімдеуінше, қазан айының соңына дейін мұнай өңдеу зауыттары 2 мың тонна авиаотын шығарады. Оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласының әуежайы үшін қосымша отын бөлінеді. Сондай-ақ, СКАТ әуе компаниясына Шымкент мұнай өңдеу зауытынан қосымша авиакеросин жеткізу жоспарланып отыр.  

“Елорда әуежайында 3,1 мың тонна авиакеросин бар. Жақын күндері 3,9 мың тонна жеткізу жоспарланып отыр. Алматы әуежайындағы отын қалдығы - 5,4 мың тонна. 4 мың тонна жөнелтіліп, жолда бара жатыр. 5,8 мың тоннаға келісімшарт жасалды.  Эйр Астана әуе компаниясында 7,4 мың тонна, СКАТ әуе компаниясында 1,7 мың тонна отын қалған. 1,5 мың тоннаға келісімшарт жасалды. Осыған сәйкес, тұрақты әуе рейстерді тоқтамастан жұмысын жалғастыра береді”, – дейді министрліктен.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары