Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Жошы Ұлысын зерттеуге арналған ғылыми институт құрылатынын айтты. Институт тарихшылардың басын қосып, Жошы Ұлысын терең зерттейді, деп хабарлайды Express Qazaqstan.
Ұлық Ұлыстың тарихы Қазақстан үшін аса маңызды. Жошы ұрпақтары билік құрған тарихи дәуірді зерттеумен айналысатын Жошы Ұлысын зерделеу ғылыми институтын құру туралы Үкімет қаулысы қабылданды. Жаңадан құрылған институтқа еліміздегі Алтын Орда тарихын зерттеумен айналысып жүрген жетекші ғалымдардың әлеуеті шоғырланады.
Қазіргі уақытта Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтында тарихшы ғалымдардан құралған топ "Ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан тарихы" көптомдық академиялық зерттеуін әзірлеп жатыр.
"Басылымның 3-томы "Жошы Ұлысына" арналған. Институт аталған томға жауапты болып, осы бағытта жүйелі зерттеулер жүргізеді. Министрлік үшін негізгі бағыттардың бірі Қазақстанның тарих ғылымын дамыту тұжырымдамасын, Қазақстан тарихы бойынша үлгілік оқу бағдарламасын, мектептерде тарих пәнін оқыту әдістемесін әзірлеу, сондай-ақ Қазақстан тарихы бойынша жаңа академиялық басылымды және базалық мектеп оқулығын даярлау", — деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Ғалымдар Алтын Орда тарихын зерттеу бойынша 15 ғылыми жоба дайындағанын айта кету керек.
"Қазіргі таңда Ұлық Ұлыстың тарихын жан-жақты және жүйелі түрде зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. XIV ғасырда, жазбаша және археологиялық деректерге сүйенсек Алтын Ордада ғылым мен мәдениеттің өсуін көруге болады", — деді Асхат Аймағамбетов.