Қызылорда облысында балалардың ыстық тамағы мен жазғы демалысын ұйымдастыру үшін бөлінген қаржыға қымбат көлік мініп, брендтік киім алған Шиелі аудандық білім бөлімінің экс-басшысы сотталды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Оған сыбайлас болған 6 адам 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Құзырлы органдар білім бөлімінің өткен жылы атқарған жұмысын тексеру кезінде 300 миллион теңгеден астам қаражаттың ізін таппаған. Кешенді тексеру нәтижесімен жауапты тұлғалар қамауға алынды. Күдіктілер қыруар қаржы оқушылардың жаздық демалысы мен ыстық тамағына жұмсалды деп ақталуға тырысқан. Бірақ былтыр пандемияға байланысты мектеп, лагерь жұмыс істемегені белгілі. Бес айға созылған қылмыстық іске енді нүкте қойылды, делінген Астана телеарнасы жаңалықтарында.
Аймұрат АБАЕВ, СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ТЕРГЕУШІСІ:
Тергеумен анықталғандай, 2020 жылғы Toyota Camry автокөлігі, Lexus 460 автокөлігі 2007 жылы шыққан және Lexus ЕС 350 автокөлігі, оған қосымша күнделікті тұрмысқа қажетті заттар, жиһаздар, еуропалық брендтегі киім үлгілері сатып алынғаны белгілі болды.