Сербияның Белград қаласында өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатында қазақстандық Асланбек Шымбергенов Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, өзбекстандық Шахрам Гиясовты ұтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
71 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Асланбек Шымбергенов екінші айналымда өзбек боксшысы Шахрам Гиясовпен кездесті.
Гиясов 2016 жылғы Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, сондай-ақ, бірнеше жылдан бері кәсіби боксқа ауысып, 9 кездесу өткізіп үлгерген.
Екі боксшы арасындағы жекпе-жек тартысты өтті.
Шымбергеновтің тура соққылары Гиясовқа дәл тиіп, үш раундта да Асланбектің басымдығы байқалды.
Нәтижесінде, төрешілер 5:0 есебімен жеңісті Шымбергеновке берді.
Айта кетелік, Асланбек Шымбергенов 2017 жылы Шахрам Гиясовпен кездесіп, жеңген болатын.
Ал Рио Олимпиадасының финалында Гиясов қазақстандық Данияр Елеусіновке есе жіберіп, күміс медаль алған.
Белградтағы әлем чемпионатында Қазақстан мен Өзбекстан боксшылары арасындағы есеп 2:0-ге жетті. Бұған дейін Сәкен Бибосынов (51 келі) Олимпиада чемпионы Хасанбой Досматовты жеңген еді. Бүгін Белград шаршы алаңына шыққан төрт қазақстандық боксшы да жеңіске жетіп, келесі айналымға өтті.
Олар - Махмұд Сабырхан (54 келі), Саматәлі Төлтаев (60 келі), Асланбек Шымбергенов (71 келі) және Айбек Оралбай (92 келі).