Түркістан облысының Мақтаарал ауданында мақта өңдейтін тағы бір мақта зауыты салынып, бітуге таяу. Негізінен, мақта-маталық талшық өндірумен, терілген "ақ алтынды" ауылшаруашылығының түрлі өңдеулеріне қатыстыратын зауыт болашақта түркістандық шаруа-кәсіпкерлердің салада жетістікке жетуіне зор үлес қосады деген сенім бар. Бұл - Түркістан облысының 2025 жылға дейінгі даму жоспары аясында қолға алынып отырған жобалардың біреуі ғана.
"Huayi International Cotton Co,. Ltd" ЖШС-і мақталы өңір - Мақтааралдағы "Мақтаарал" индустриалды аймағында орналасқан. Қытайлық кәсіпкерлер инвестор болып табылатын жобаның жалпы құны 2,5 миллиард теңге, кәсіпкердің өз қаражаты. Болашақта мұнда 200 жаңа жұмыс орны ашылады деген жоспар бар. Бұл, өз кезегінде, аудандағы жұмыссыздық мәселесін шешуге септігін тигізбек. Ал зауытта жылына 65 мың тонна мақта өңделеді деп күтілуде.
Дайын болған өнімдер болашақта Еуропа елдеріндегі, Қытай Халық Республикасындағы жіп иіру фабрикаларына экспортталады деген жоспар бар. Бүгінгі таңда зауыттың құрылыс монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Шетелден келетін құрал-жабдықтар күтілуде.
Түркістан облысының кәсіпкерлік саласына жауапты мамандардың мәліметіне сәйкес, қазіргі кезде Мақтаарал ауданында жұмыс істеп тұрған сегіз мақта зауыты бар. Жаңа салынып жатқан мақта-мата талшығын өндіру зауыты іске қосылса, "ақ алтынды" өңірдегі мақта өңдеу зауытының саны тоғызға жетеді. Мамандардың пікірінше, жаңа зауыттың салынуы мақта нарығындағы бәсекелестікті арттырып, бағаның қымбаттауына әкеледі деген болжам бар.
Олай деуге толық негіз бар. Себебі, соңғы үш жылда мақта бағасының көтерілмеуі, ондағы шаруалардың мақта егіп, табысын арттыруына деген құлшынысын азайтқан. Соның салдарынан биыл аудандағы мақта егетін алқап көлемі 35 мың гектар жерді алыпты. Бұл өткен 2020 жылмен салыстырғанда 3,5 мың гектарға аз деген сөз. Алайда, биылғы жағдай Мақтааралда болмаған рекордттық көрсеткішті көрсетті. Оған себептің бірі ауданда жаңадан ашылған үш мақта зауыты болуы мүмкін. Өйткені, бұған дейін мақтааралдық диқандар алажаздай, бел жазбай еткен еңбегі - "ақ алтынды" жинап-теріп аудандағы бес мақта өңдеу зауытына өткізсе, биыл шылған үш зауыт қосылып, нәтижесінде сегіз зауытқа мақта сатуға мүмкіндік алыпты. Соның салдарынан зауыттар арасында бәсекелестік орнап, мақта келісінің бағасы бұған дейін болмаған 320-350 теңгенің көлеміне жеткен. Бұл жағдай, әрине, ең алдымен, шаруаның табысының артуына алып келіп, халықтың әлеуметтік жағдайының жоғарылауына себеп болары сөзсіз. Ал осы жылдың соңына қарай жұмысын бастап, іске қосылғалы отырған "Huayi International Cotton Co,. Ltd" ЖШС-і мақта нарығындағы сұранысты одан әрі арттыратыны сөзсіз. Айта кеткен жөн, еліміздегі жалғыз мақта өсіретін аймақ - Түркістан облысындағы Мақтаарал ауданында биыл 35 мың гектар алқапта шиітті мақта тұқымы себілсе, 16 гектар аумаққа бақша дақылдары егілген. 2 мың гектар жерде жаңа жоңышқа өсіріліп, 2 мың гектар жерге жүгері дақылы қондырылған. Ал 1 мың гектар алқапқа көкөніс өнімдері егіліпті. Бүгінде аталған дақыл түрлері бойынша қырман даласы түрлі өнімдермен толығып, Жер ананың керемет сыйын диқандар жағы төкпей-шашпай, ысырап етпей жинап алу үстінде. Алынған өнімдердің, әсіресе, қауын-қарбыз сынды бақша дақылдарының 80 пайызы Еуропадан бастап, Ресей, Литва, Рига сынды ТМД елдеріне экспортталып үлгерді. Алтын күздің соңына қарай өнімділік мөлшері қаншалықты көлемді болғанының есеп-қисабы жасалатын болады.