$ 448.89  477.93  4.76

Түркістанда құрылысқа қажетті өнімдер шығарылады

Отандық кәсіпкер мұрындық болып, бастап отырған кәсіпорында болашақта газбетон блоктарын өндіру көзделіп отыр.

Түркістан облысының орталығы – Түркістан қаласында алдағы жылдары үй құрылысы мен жол құрылысы жұмыстарына қажетті заттарды өндіру көлемі одан әрі арта түседі. Шаһарда бүгінгі таңда қос бірдей осы салаға қатысты зауыттың іргетасы қалану үстінде. Бұл халқының саны күн санап өсіп келе жатқан түркістандықтар үшін ыңғайлы орта қалыптастыруға оңтайлы септігін тигізеді деген болжам бар. Түркістан облысының 2025 жылға дейінгі даму жоспары аясында қолға алынған жобаларға тоқталсақ. 

Оның бірі – «Turkistan» индустриалды аймағында бой көтеріп келе жатқан «СпецСтрой» ЖШС-і. Темір-бетон бұйымдарының жол-құрылыс материалдарын шығару зауытының жалпы құны 1,100 миллион теңге. Құрылыс жұмыстарын осы жылы жүзеге асырып бастаған серіктестік жыл соңына дейін пайдалануға беріліп, негізгі бағыттағы жұмыстарын бастауға әзір. Жоба қуаттылығы орасан. Жылына мұнда 200 мың тонна асфальтбетон қоспалары өндірілсе, бетон қоспаларынан 30 мың м3 көлемінде дайындалмақ. Зауыт іске қосылғанда 250-ге жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтуға мұрындық болады деген жоспар бар. 

Кәсіпкердің өз қаражатына салынып жатқан өндіріс орнының аумағы индустриалды аймақтағы 2 гектар жерді алып жатыр. Бүгінде құрылыс алаңындағы жұмыс қарқынды. Алынған жер учаскесінде соңғы жұмыстар атқарылуда. 

Түркістанның қарқынды дамуына үлесін қосатын екінші зауыт - «EKP Group - 878» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Отандық кәсіпкер мұрындық болып, бастап отырған кәсіпорында болашақта газбетон блоктарын өндіру көзделіп отыр. Жоба құны мұнда да 1 миллиард теңгеден асады. Нақтырағы 1,041 миллион теңгені құрайды. Құрылыс саласындағы отандық өнім ретінде нарыққа шығатын өнімдер Түркістанда салынып жатқан баспаналардың бой көтеруіне бағытталатын болады. Кәсіпорын толық қуаттылығына шыққанда жылдық өндіріс көлемі 60 мың м3-ді алады деп күтілуде. Кәсіпкердің 100 пайыз өз қаражаты есебінен салынып жатқан зауытта болашақта 16 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. 

Жалпы, облыс орталығы атанғалы бері Түркістан қаласының даму қарқыны жаман емес. Еңсесін қайта тіктеген қарт қалада құрылыс саласында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Осы ретте бой көтеріп жатқан нысандардың сапасы, құрылысшылардың еңбек қауіпсіздігі, әсіресе қауіпті індеттің белең алуы тұсында осы саладағы әрбір азаматтың дертке шалдықпауы үшін жауапты тұлғалармен қатар жергілікті билік барынша сақтық шараларын қатаң бақылауда ұстап келеді. Болашақта халық игілігі үшін қызмет ететін бүгінгі құрылыс нысандарының, ең алдымен, сапалы жүргізілуі аса маңызды. Осы тұста қала аумағындағы жүздеген құрылыс нысандарындағы сапа мәселесі әкімдік жұмысының негізгі бөлігіне айналып отыр.

Қазіргі таңда мұнда 100-ден аса құрылыс нысандарында қызу жұмыстар жүргізілуде. Бір мезетте қала әкімдігінің бұл нысандардағы сапаны бақылауда ұстауы қиын екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан, ретіне қарай күнделікті жұмыс жоспарымен және жоспардан тыс аталған жайды бақылау шаралары жүргізілетінен қала әкімінің әлеуметтік желідегі жазбаларынан да аңғаруға болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары