$ 446.49  475.38  4.79

«Талибан» жетекшісі алғаш рет көпшілік алдына шықты - БАҚ

Ол сондай-ақ, елді қалпына келтіру жолында "Талибанды" үлкен сынақ күтіп тұрғанын айтты.
Фото: dw.com
Фото: dw.com

"Талибан" қозғалысының жоғарғы көшбасшысы (Жоғарғы соттың шешімі бойынша Қазақстанда қозғалысқа тыйым салынған) Хайбатулла Ахунзада жетекшілік жасағаннан бері алғаш рет көпшілік алдына шықты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Deutsche Welle-ге сілтеме жасап.

Лаңкестік топ өкілдерінің айтуынша, 30 қазанда Ахунзада Ауғанстанның оңтүстігіндегі Кандагар қаласындағы "Дарул Улум Хаким" медресесіне барған. Ол өз сөзін "ержүрек сарбаздар мен шәкірттерге" арнаймын деп бастады. "Талибан" жетекшісінің сөйлеген сөзінде тек дінге қатысы бар әңгімелер айтылған, саяси мәлімдемелер болған жоқ.

"20 жыл бойы кәпірлер мен залымдарға қарсы күрескен Ауғанстанның езілген халқына Алла сауабын берсін. Менің мұндағы ниетім сіз үшін дұға ету, ал сіз маған дұға етіңіз", - деді Ахунзада.

Ол сондай-ақ, елді қалпына келтіру жолында "Талибанды" үлкен сынақ күтіп тұрғанын айтты.

БАҚ өкілдері Ахунзада өткізген жиын қатаң күзетпен өткендіктен фото, видео ала алмаған.

Діни лидер Хайбатулла Ахунзада 2016 жылы АҚШ-тың ұшқышсыз ұшағы соққысынан бері "Талибан" қозғалысын басқарды. Ол қарулы топтың барлық саяси, діни және әскери істеріндегі ең жоғарғы лауазымда отыр. Тәліптер қатарында ол әскери қолбасшыдан гөрі рухани көшбасшы болып саналады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары