$ 494.87  520.65  4.91

«Жабағыларды 80-100 мыңнан беріп жатырмыз»: Қуаңшылықтан қиналған қызылордалықтар төрт түлігін арзан бағамен сатуға мәжбүр

Ресми мәліметтерге сүйенсек, Арал ауданында аштықтан 500-ге жуық мал қырылған.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Биылғы қуаңшылықтың салдарынан еліміздің екі облысында мал қырылып, шаруаларды шаш етектен шығынға ұшыратты. Қыс пен көктемде жауын-шашынның аз болып, ыстықтың ерте түскенінен жерге шөп шықпай қалды. Әсіресе, Қызылорда облысы Арал ауданында жағдай күрделі болды. Республикалық деңгейде "Төтенше жағдай" жарияланып, төрт түлігінен айырылған жандарға ішінара көмек көрсетілді. Дегенмен, бүгінгі күні аралдықтар қолда бар малды жаппай сатуға көшкен. Алдағы қыстан аман шығуы күмәнді түліктің бағасы арзандап кеткен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Арал мал және балық шаруашылығымен күңелтіп отырған аудан. Биыл жергілікті тұрғындар сыңдарлы кезеңді бастан өткерді. Өңірдегі су айдындары тартылып, су маржанының көлемі азайып кетті. Оның үстіне қуаңшылық орын алып, жығылғанға жұдырық болды. Ресми мәліметтерге сүйенсек, Арал ауданында аштықтан 500-ге жуық мал қырылған.

"Көз алдымызда малымыз қырылып қалды. Су ішуге барып, батпаққа батып өлгендер де бар. Жерде мүлдем шөп шықпады. Ауданнан жем-шөп іздеп кеттік. Тапқанның өзінде бағасы аспандап тұрды. Қазір жағдай біршама оңалғанымен, қолымыздағы малдың күйі жоқ", - дейді кәсіпкер Бекболат Өмірәлі.

Расымен, мал азығы жергілікті шаруаларды қажытып жіберді. Абырой болғанда көмекке көрші аудандар мен облыстар келді. Жүк көліктерімен шөп тасып, мал иелеріне арзан бағада үлестірілді. Болат Өтемұратов қорынан бөлінген қаражатқа да жем алынып, тұрмысы төмен отбасыларға таратылды. Дәл осындай көмек "Төтенше жағдай" жарияланғаннан кейін де көрсетілді. Алайда бұл шаралар проблеманы түбегейлі шешуге мүмкіндік берген жоқ.

"Шөп жан-жақтан келді ғой, жәрмеңке де ұйымдастырылды. Бірақ қысқа толық жететін шөп алуға барлық отбасының мүмкіндігі жоқ. Сол себепті алыс жолға жарайтын, сәл де болса күйлі малдарымызды сатып жатырмыз. Мал иелерінің өз чаттары бар. Сол арқылы сатып алушыларды тауып аламыз. Ең болмағанда кішкене болса да пайда көргіміз келеді", - дейді тағы бір Марат Арыстанбек есімді шаруа.

Шынымен, бүгінде Аралға алыпсатарлар жан-жақтан келуде. Көбіне Нұр-Cұлтан, Павлодар, Көкшетау және Ақтөбе облыстарынан малға сұраныс жоғары. Сатып алушылар малдың жағдайына қарай алады екен. Кейін бордақылап, бағасын қымбаттатып сатуды кәсіп қылған. Оның үстіне Аралда түліктің бағасы қалтағы қонымды.

"Жабағыларды 80-100 мыңнан беріп жатырмыз. Тай-құнандар да арзан. Қазір былтырғыдай баға жоқ. Күн қатты суып кетпей тұрып, малды сатып жіберуіміз керек болып тұр. Малдың қыстан аман шықпайтыны белгілі. Аштан өлтіріп алғанша, осылай әрекет жасағанымыз дұрыс", - Марат Арыстанбек.

Бүгінде аралдықтардың көңілі алаңдаулы. Синоптиктер алдағы қыстың қатты болатынын айтып ескертуде. Ең бастысы жауын көп болса екен дейді шаруалар. Олар тасаттық та беріп, жөн-жоралғы жасаған екен.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары