$ 494.87  520.65  4.91

Бұл үлкен қауіп: Алматыда Сбер платформасын пайдалануға қарсы митинг қалай өтті

Митингке жиналушылардың басты талабы цифрлық жүйені дамыту жолындағы Қазақстанның ресейлік "Сбер" платформасымен жасалған меморандумға қарсы шығу
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Бүгін 1 қараша күні Алматы қаласындағы Шоқан Уәлиханов ескерткішінің жанында Қазақстанда тіркелмеген "Ел Тірегі" партиясы мен бір топ белсенділердің ұйымдастыруымен рұқсат етілген митинг болып өтті. Митингке жиналушылардың басты талабы цифрлық жүйені дамыту жолындағы Қазақстанның ресейлік "Сбер" платформасымен жасалған меморандумға қарсы шығу, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
митинг 1

Алматы қаласында өткен рұқсат етілген митингті тіркелмеген "Ел Тірегі" партиясы мен бір топ белсенділер ұйымдастырды. Сондай-ақ, бұдан бір күн бұрын Ермұрат Бапи секілді бір топ белсенді азаматтар халықты жиылысқа қатысуға шақырып, Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазба қалдырған.

Митингке 100 шақты адам жиналды. Билік тарапынан басқосуға рұқсат етілгеніне қарамастан, жиналғандарды полицейлер қоршап, көзден таса қылмады. 

Жиынды ұйымдастырушылардың қатарында экс-депутат Нұржан Әлтаев, журналист, оппозиционер "Дат" газетінің редакторы Ермұрат Бапи, журналист Гүлжан Ерғалиева мен Қазақстан тәжік-ауған ардагерлер одағының төрағасы Мұрат Мұхамеджанов секілді азаматтар болды. Олар жиналғандардың алдына шығып сөз сөйлеп, өз қарсылықтарын білдірді.

Халық алдына алғаш шығып сөз сөйлеген Қазақстанның мемлекет қайраткері, қазіргі уақытта билікті өткір сынап жүрген Нұржан Әлтаев “Сбер” жүйесінің салдарын айтып өтті.

"Қазақстан тәуелсіздігіне 30 жыл толар шағында біздің егемендігімізге қайтадан үлкен қауіп төніп тұр. Біздің билік барлық мемлекеттік электронды басқару жүйесін Ресейдің қолына Сбер арқылы салып бермекші. Оның ішінде барлығымыздың жеке құжаттарымыз бар, бұл дегеніміз бүкіл елдің бостандығын өз қолымызбен тапсыру деген сөз. Біз оған жол бермеуіміз қажет. Бұл үлкен қауіп", - деді ол. Экс-депутат сонымен қатар мемлекеттің бұл әрекеті халықты Ресейдің отары етуге алып келетінін алға тартты.

"Соңғы жаңалықтар бойынша Ресей мен Беларусь ортақ парламент құрғалы жатқанға ұқсайды. Демек бұл ортақ билік болады деген сөз. Енді олар бұған Қазақстанды да қосып алмақшы. Қазақ елі тәуелсіз мемлекет әрі солай болып қала береді. Осы мақсатта барлығымыз бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып әрекет етуіміз керек", - деді Нұржан Әлтаев.

Митингке жиналған халық қолдарына "Сберге жол жоқ!" деген ұран-сөздерден бөлек "Саяси тұтқындарға бостандық", "Әр балаға 42 500 төленсін" деген жазбаларды да көтеріп шыққан.

Нұржан Әлтаев журналистермен кездесу кезінде өзі секілді билікке қарсы сөз айтып жүрген Жанболат Мамайды бірнеше рет бірге әрекет етуге шақырғанын жеткізді.

"Мен Жанболатты бірнеше рет күшімізді біріктіріп, бір шешімге келуге шақырған болатынмын. Бірақ әзірге ол ешқандай жауап берген жоқ", - деді ол.

Белсенділер сөзінің арасында белгілі рэпер Жан Ахмадиев рэп оқыды. Қоғам белсенділері митингіде мінбер қызметін атқарып тұрған көлікке "Ел тірегі" партиясын тіркеуді талап еткен баннер іліп қойған. Бұл партия бұған дейін де билік "Ел тірегі" ұйымын партия ретінде ресми түрде тіркеуден бас тартқанын хабарлаған болатын.  

Журналист Ермұрат Бапи митинг ұйымдастырушыларын қолдайтынын айта келе Қазақстан мен Ресейдің ортақ жүйе қалыптастырғысы келетіні ұлттық мәселе екенін жеткізді.

"Мен митингке шақырған жігіттердің әрекетін өз тарапымнан қолдадым, себебі бұл ұлттық мәселе. Жалпы бұл барша қазақтың басына төнген қатер. Сондықтан мен немқұрайлы қарай алмадым. Алайда митингке жиналған адамның қарасының аздығынан бұл мәселеге барлығының бірдей бас ауыртпайтынын байқауға болады. Осы себепті шараны ұйымдастырушыларға алғыс айта отырып, біздің қоғамға, әлі де марғау күйде жүрген халыққа реніш білдіргім келеді", - деді журналист.

Митинг соңында жиналғандар "Ел Тірегі" партиясының әнұранын тыңдап, ұрандарын қайталап тарай бастады. Полиция қызметкерлері барлығы тарқап кеткенше алаңға келгендерден көз жазбады.

Естеріңізге сала кетейік, қыркүйек айының басында Қазақстан үкіметі мен ресейлік "Сбер" компаниялар тобы қол қойған меморандумның мәтіні жарияланған еді. Ондағы ақпаратқа сүйенсек, Қазақстан ресейлік "Сбербанктің" IT-платформасын 500 млн долларға сатып алады. Қазақстанға бұл ақшаны "Сбердің" өзі мемлекет кепілдігімен қарызға береді.

Осыдан кейін халық арасында бұл меморандумға байланысты наразы пікірлер көбейіп, сынағандардың қатары артқан болатын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары