$ 494.87  520.65  4.91

Тоқаев: Қаржы пирамидаларын жою туралы бұйрығым орындалды ма?

Жанат Элиманов Қасым-Жомарт Тоқаевқа қаржы пирамидаларын жабу жөнінде жүктеген тапсырмасының іске асырылу барысы туралы баяндады.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY. 

 Ақорданың баспасөз қызметі хабарлағандай, Жанат Элиманов Қасым-Жомарт Тоқаевқа қаржы пирамидаларын жабу жөнінде жүктеген тапсырмасының іске асырылу барысы туралы баяндады. Жыл басынан бері Қаржылық мониторинг агенттігі 15 қаржы пирамидасының қызметін тоқтатып, зардап шеккендерге 2,3 миллиард теңге қайтарылды.   

Президент Агенттік басшысына құқық қорғау және басқа да мүдделі органдармен бірлесе отырып, аталған бағыттағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды. Мемлекет басшысы азаматтарды қаржы пирамидаларына тартуға жол бермеу үшін шаралар кешенін қабылдау керек екенін айтты, - делінген баспасөз қызметінің хабарламасында. 

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаевқа Өзара бағалау көрсеткішінің екінші кезеңін ФАТФ халықаралық стандарттарына сәйкестендіруге қатысты Қазақстанның дайындығы жөнінде баяндалды. Агенттік төрағасы Президентке тәуекелдер бойынша жасалған Ұлттық бағалаудың қорытындылары және ФАТФ-тың бірқатар маңызды ұсынымын ұлттық заңнамаға енгізуге мүмкіндік беретін заң жобасы Парламенттің қарауында жатқаны туралы айтты.   

Президент қылмыстық жолмен түскен табыстарды жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды оң бағалады. Атап айтқанда, қабылданған шаралар кірістерді жылыстатуға қарсы іс-қимылдардың Basel AML Index индексі бойынша әлемдік рейтингтегі Қазақстанның орнын жақсартты.   

Мемлекет басшысына еліміздегі көлеңкелі экономикаға қарсы күрестің қазіргі жағдайы туралы мәлімет берілді. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жөнінде 490 іс қозғалды, оның 28-і жалған шот-фактура жазып берумен және қылмыстық жол арқылы қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысқан тұлғаларға қатысты ұйымдасқан қылмыстық топ құру деректері бойынша жүргізілуде. 

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан аумағында құрылған Questra World қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға қатысты іс сотқа берілді. Келтірілген материалдық шығын сомасы 1 млрд теңгеден асты. 
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары