Алматы облысы, Іле ауданы, Өтеген батыр ауылында өз баласын пышақтап тастаған әйел қылмысқа барардың алдында көршілері мен полицейлерден көмек сұраған. Express Qazaqstan тілшісі 37 жастағы күдікті әйелдің көршілерімен тілдесіп қайтты.
10 жастағы баласын бірнеше жерден пышақтап тастаған Әсел (редакция ата-тегін жарияламауды жөн көрді) Гагарин көшесіндегі көпқабатты үйдің бірінші қабатында тұрады. Күдікті әйелдің көршілері ол туралы тек жақсы пікірде. Өзін Мирас Жекебаев деп таныстырған жігіт осында көшіп келгелі Әселдің отбасымен жақсы араласқандарын айтады.
Көршілерімен тату-тәтті араласатын жақсы отбасы. Әсел тәте үйге келіп анаммен талай шәй ішіп тұратын. Ондай артық мінезін байқаған емеспін. Баласы аулада ойнап жүретін. Бірақ күйеуін көрген жоқпын, - дейді Мирас Жекебаев.
Күдіктінің тағы бір көршісі Виталина Добролюбова қылмыс болатыннан бір күн бұрын Әселдің көршілерден көмек сұрап келгенін еске алды. Оның айтуынша, әйел қатты қорқып, өзін әлдебіреулердің аңдып жүргенін, өміріне қауіп төніп тұрғанын айтқан.
Әсел өз өмірі үшін қатты алаңдағаны сонша, сыртқа шығуға да жүрексінді. Біз неден қорқасың деп сұрағанымызда, ол Тіk Тоk-тағы кейіпкерлер туралы және ойыннан ұтылғанын айтты. Әлемді, балаларды құтқаруым керек деген, - дейді Виталина Доброблюбова.
Әселдің тосын мінезінен сезіктенген көршілері полиция шақырады.
"Тәртіп сақшылары келіп, онымен сөйлесіп, қайтып кетті. Не туралы сөйлескенін білмеймін. Мен Әселге қоңырау шалғанымда, таңертең сөйлесеміз деді. Таңертең жолыққанымызда ол түнімен ұйықтай алмағанын, өзін әлдекімдер өлтіретінін айтты. Қатты шошынып қалғаны сонша дүкенге барудан қорықты. Ол өзін психикалық ауытқуға ұшыраған жынды адам секілді ұстады. Мен ешкімнен қорықпа деп жұбатуға тырыстым", — Виталина Добролюбова.
Осыдан кейін Виталина жұмысына кеткен. Арада бірнеше сағат өткеннен кейін мына сұмдық жағдайды естіпті. Үш бала тәрбиелеп отырған Әселдің мұндай қадамға барғанына көршілері әлі де сене алар емес. Өйткені ол барлығымен жақын араласқан және бұған дейін ешқашан тосын мінез көрсетпеген.
Express Qazaqstan қылмыс болған пәтерге де бас сұқты. Бірақ есіктің ар жағындағы ер адамның дауысы ешқандай сұхбат бермейтінін айтып, шығып кетуімізді талап етті.
Ал күдікті әйелдің қылмыстан бір күн алдын көмек сұрап полиция шақыртқаны туралы облыстық ПД баспасөз қызметі кешірек жауап береміз деп қысқа қайырды.