Зейнет жасына тақаған адамдарды жұмысқа орналастыру үшін «күміс жас» жобасы іске асырылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспас мәслихатында ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Министрдің атап өтуінше, Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға, кәсіпкерлердің өсуін жеделдетуге және жаңа тауашаларды құруға, сондай-ақ бәсекелестікті кешенді дамытуға бағытталған. Бұл бағытты іске асыру аясында 10 тапсырма, 30 көрсеткіш пен 69 іс-шара көзделген.
«Ұлттық жобаны қаржыландырудың жалпы көлемі шамамен 8,5 трлн теңге, оның ішінде, республикалық бюджеттен 1 трлн теңгеден аса, жергілікті бюджеттен 125 млрд теңге қаржы қарастырылған. Сонымен қатар, 7,3 трлн теңге сомасына жеке инвестиция тарту қамтамасыз етіледі», - деді ол.
Оның атап өтуінше, ұлттық жобаның «Кәсіпкерлік белсенділікті арттыру» бағыты ауқымында кәсіпкерлік құрылымында сапалы өзгерістерді қамтамасыз ету көзделеді. Өз ісін ашу үшін, оның ішінде «Бастау Бизнес» жобасы аясында жағдай жасау бойынша іс-шаралар қабылданады. Іскерлік байланыстарды кеңейту мақсатында шетелдік бизнес-тағылымдамалар ұйымдастыру көзделеді.
«Сонымен бірге, жұмыссыздарды қамту мақсатында «Түлектерге арналған жастар практикасы», «Әлеуметтік осал топтарға арналған әлеуметтік жұмыс орындары» сияқты жобалар, сондай-ақ зейнеткерлік жас алдындағы адамдарды жұмысқа орналастыру үшін «күміс жас» жобасы іске асырылады. Барлық іс-шараларды қабылдау нәтижесінде жеке ісін ашқан адамдардың үлесі 1,7 есеге артады. Субсидияланатын жұмыс орындарынан кейін тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылған адамдардың үлесі 1,4 есе өседі. Қаржылық емес қолдау іс-шараларын алған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 638 мың бірлікке жетеді. Қысқа мерзімді кәсіптік оқудан кейін жұмысқа орналастыру деңгейі 55-тен 80 пайызға дейін артады», - деді Әсет Ерғалиев.