10.11.2021, 11:40

Қазақстанда қанша этностың театры бар?

Фото: ашық дерекөз
Күні бүгін елімізде кәріс, неміс, ұйғыр және өзбек театрлары жұмыс істеп тұр.

Қазақстан – өзінің құрамындағы көп ұлтқа қамқорлық жасап, олардың тілін, мәдениетін дамытып, салт-дәстүрін сақтауға бар мүмкіндікті жасап келе жатқан мемлекет. Оған бір ғана дәлел ретінде еліміздегі өзге этностардың жеке-дара театрларын айтуға болады. Қазақстаннан басқа мемлекеттерде өзге этностардың ұлттық театрлары жоқтың қасы. Мәселен әлемдегі жалғыз кәсіби ұйғыр театры біздің елімізде. Ал ТМД бойынша бірде бір республикада неміс театры жоқ. Күні бүгін елімізде кәріс, неміс, ұйғыр және өзбек театрлары жұмыс істеп тұр, деп жазады Skifnews порталы. 

Мемлекеттік республикалық музыкалық комедиялық корей театры

Корей театры 1932 жылы Владивостокта құрылған. Кәрістер Қазақстан мен Орта Азияға депортацияланған кезде театрдың бір юөлігі Өзбекстанға, бір бөлігі Қазақстанға көшірілді. Кейін екеуі бірігіп, 1968 жылы Алматыда театрдың қазығы қағылады. Мемлекеттік республикалық театр мәртебесін алады. 1982 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. 

1968 жылдан бері театрдың жанында «Ариран» ұлттық ансамблі жұмыс істеп келеді. Театрдың кең көлемді гастрольдік бағдарламасы (Корея Республикасы, Германия, АҚШ) 1989 жылы басталған. 

Театр репертуарында корей, қазақ және шетелдік авторлардың шығармаларын бар. Театрда жылына 70 қойылымға дейін қойылады. Орта есеппен жылына 35 мың көрермен келеді. 

Театрдың құрамында драмалық труппа, вокалистер, «Самульнори» фольклорлық-этнографиялық тобы, «Премиум» квартеті, би тобы бар. 

Театр Александр Мун, Майя Пак, Роза Лим, Вениамин Ли, Антонина Пяк, Роман Цой және басқа да атақты актерлерімен танымал. 

 

Құддыс Қожамияров атындағы мемлекеттік республикалық ұйғыр музыкалық комедия театры

Бұл театр – әлемдегі алғашқы және жалғыз кәсіби ұйғыр театры. Ұйғыр музыкалық-драма театры 1934 жылы Алматыда ашылған. 2005 жылы оған көрнекті компизитор, КСРО халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Құддыс Қожамияровтың есімі берілген. Оның музыкалары көптеген қойылымдарда қойылған. Театр сахнасында ұйғыр авторларының пьесаларынан бөлек, қазақ және әлемдік әдебиет авторларының шығармалары қойылады. 

Театрда «Нава» вокал-фольклор ансамблі, «Сада» вокал-би ансамблі, «Яшлик» жастар эстрада ансамблі, «Рухсара» би ансамблі және драмалық труппа жұмыс істейді. Қойылымдар ұйғыр тілінде қойылып, синхронды түрде орыс тіліне аударылады. 

Театр өз қойылымдарында көрерменге гуманизм, махаббат идеяларын жеткізуге тырысады. Театр репертуарында қазақ драматургиясының да үлесі қомақты. Бұл дәстүр ХХ 30-шы жылдарында басталған. Мұнда алғаш Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» пьесасы қойылған. Оның ізін ала Әуезов, Мұқанов, Тәжібаевтардың шығармалары қойылды. Драматург Иран-Ғайып жазушы Ш.Шаваевпен бірге «Қашғария» тарихи драмасын жазған. 

1984 жылы 50 жылдық мерейтойында театр Қазақстанның полиэтникалық өнерін дамытудағы жетістіктері үшін «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Театр көптеген халықаралық, аймақтық, республикалық фестивальдерге қатысқан. 

2002 жылы Ұйғыр театры жаңа маусымын реконструкциядан өткен жаңа ғимаратта ашты. Салтанатты шараға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, Қазақстанда тұратын этностардың өнерін жоғары бағалап, өнердің тұрақтылық пен ұлтаралық бірлікке жұмыс істеуі керектігін баса айтқан болатын. Ал 2003 жылы мұнда «Махамбет» қойылымы сахналанды. 

 

Республикалық академиялық неміс драма театры

Неміс театры 1975 жылы КазКСР Мәдениет министрлігінің бұйрығымен құрылды. Бес жылдан кейін Мәскеуден Теміртауға кәсіби дипломы бар 29 әртіс келді. 1980 жылы Теміртау қаласында Республикалық неміс драма театры ашылды. 

1989 жылы театр Алматыға көшеді. Сол жылдары неміс ұлтының өкілдері жаппай Германияға қоныс аударып, театрдың алғашқы құрамындағы барлық әртістер қоса кетті. 

1991 жылы Германия үкіметінің көмегімен Жүргенов атындағы қазақ мемлекеттік театр және кино институтының базасында Неміс театр академиясы ашылды. 

Күні бүгін бұл театр неміс диаспорасының ТМД аумағындағы жалғыз кәсіби театры болып отыр. Театр репертуарында қазақ, орыс және неміс тіліндегі түрлі шығармалар бар. 

 

Шымкент қалалық өзбек драма театры

Театр 2003 жылы Оңтүстік Қазақстан әкімінің бұйрығымен құрылған. Ескі Сайрамда бұл театрдың ашылуы еліміздегі өзбек диаспорасының өміріндегі елеулі оқиға болды. Театрдың ашылуына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қатысқан. Өзбекстан Республикасының бірқатар театр ұжымы гастрольдік сапармен келген. 

Театрдың қазір халқының рухани, эстетикалық және мәдени орталығының қызметін атқарып отыр.  Одан бөлек мұнда облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі мәдени-бұқаралық шаралар өткізіледі. Мұнда жыл сайын «Аския» фестивалі, «Поэзия жұлдыздары» атты республикалық жас ақын-жазушылар конкурсы, «Офарин» халықаралық конкурсы, «Лапар», «Маком» конкурстары ұйымдастырылады. 

Театрдағы қойылымдарды тамашалауға жергілікті тұрғындар ғана емес, көрші аудан, облыс, қалалардың тұрғындары да келеді. Театр ұжымы Шымкент, Түркістан, Кентау қалаларына, Сайрам, Қазығұрт, Сарыағаш, Созақ, Түлкібас, Төле би аудандарына гастрльдік сапармен жиі шығып тұрады. 

Театр репертуарында 86-дан астам қойылым бар. Мұнда Әуезовтің «Абай» шығармасы сахналанған. 

Театр халықаралық, аймақтық, республикалық театр фестивальдеріне үзбей қатысып келеді.