20.11.2021, 16:33

Алматыда сауда үйінің бірінен өрт шықты

Фото: ҚазАқпарат
Зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ.

Алматыда «Ақсай» сауда үйінен өрт шықты. Бұл туралы қалалық төтенше жағдайлар департаменті мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Ведомства мәліметінше, өрт бүгін түскі 13:45-те шыққан. Сауда үйінің өртеніп жатқаны туралы хабарламаны ала салысымен арнайы жасақ оқиға орнына барған. 

«Өрт сөндіру бөлімшелері жоғары дәрежедегі шақырту бойынша шықты, 6 минутта жеткенде «Ақсай» сауда үйінің 1-ші және 2-ші қабаттарындағы бутиктерде 150 шаршы метр аумақта өрт шыққанын анықтады. Дереу әмбебап және лафеттік өрт оқпандары енгізіліп, газ-түтіннен қорғау қызметінің 3 тобы және түтін шығаратын автокөлік жұмылдырылды. AD 120 түтін шығаратын жану өнімдерінің концентрациясын азайту үшін пайдаланылды», - деп хабарлады департаменттен.

Өрт 14:12-де толық сөндірілді.  Зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ.