Ресей Федерациясының қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары Александр Гребенкин Ауғанстаннан келген содырлар мен лаңкестер Орталық Азия аймағындағы мемлекеттерге еніп, Ресей шекарасына Қазақстан арқылы өте алады деп мәлімдеді.
– Біз Ресей Федерациясында тыйым салынған Талибан* халықаралық лаңкестік ұйымының билікке келуіне байланысты Ауғанстандағы жағдайды мұқият қадағалап отырмыз, – деді Гребенкин «Российская газета» басылымына берген сұхбатында.
Оның айтуынша, «өкінішке орай, жағдай көңіл көншітерлік емес».
– Бұл елдегі, халықтың кедейленуі және өз азаматтарын соттан тыс өлтіруі, есірткі трафигінің, қару контрабандасы және бақыланбайтын көші-қонның едәуір ұлғаю – қоғамдық-саяси жағдайдың одан әрі нашарлауына әкеледі, – деді Гребенкин.
Оның ішінде радикалды идеологияны ұстанатын және соғыс тәжірибесі бар адамдар үлкен қауіп төндіреді.
– Ауғанстаннан келген содырлар мен лаңкестер Орталық Азия аймағындағы елдерге еніп, сол жерден Ресейдің мемлекеттік шекарасына Ресей-Қазақстан учаскесі арқылы кіре алады, – деді Гребенкин.
Қауіпсіздік кеңесі хатшысы орынбасарының айтуынша, бұл мәселе таяуда өткен ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қауіпсіздік кеңестері хатшыларының жыл сайынғы кеңесінде басты мәселелердің бірі болды. Отырыс барысында Ауғанстанның ішкі дағдарысты кезең-кезеңімен реттеу жөніндегі дәйекті шараларды іске асыру қажеттілігі атап өтілді.