Таллин қалалық жиналысы Орталық партиясының мүшесі Михаил Кылвартты Эстония астанасының мэрі етіп қайта сайлады. Оның кандидатурасына 79 депутаттың 46-cы, ал қарсыласы - "Отан" партиясының мүшесі Урмас Рейнсалуға 21 дауыс берілді, деп хабарлайды Express Qazaqstan. Бұл туралы Интерфакс жазды.
Кылварт Эстония астанасының мэрі болып алғаш рет 2019 жылы сайланды. Бұған дейін ол қала басшысының білім, мәдениет, жастар, спорт және интеграция мәселелері жөніндегі орынбасары болған. Университетте мәдениет тарихы мен шешендік өнер курстарында сабақ берген.
Ол 1977 жылы Қазақстанда дүниеге келген. Әкесі Юло Кылварт — эстон, анасы Лидия Григорьевна корей ұлтынан.
Михаил Кылварт Таллинде үш жасынан бастап тұрады. Ол сондағы орыс мектептерінің жанашыры ретінде танымал, 2010 жылы орыс мектебінің кеңесіне сайланды. Сол жылы Эстония Президенті жанындағы Ынтымақтастық кеңесіне және Мәдениет министрлігі жанындағы аз ұлттардың жастар ассамблеясының құрамына тағайындалды. Кейін парламент сайлауына байланысты мүшелігін тоқтатты.
Ол таэквондо, кикбоксинг және бокспен айналысып, түрлі турнирлерде жеңіске жеткен. III Дүниежүзілік жекпе-жек ойындарында күміс медаль иеленді. Таэквондоның қара белбеуі бар. Эстонияның таэквондо одағының негізін қалаушы. 2017 жылдан бастап осы спорт түрінің Эстониядағы федерациясын басқарады.