ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті жеке кәсіпкерлердің, такси қызметімен айналысатын азаматтардың мобильдік ақша аударымдарын бақылауға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі уақытта желіде кәсіпкерлікпен, оның ішінде жеке тасымалдаумен айналысатын адамдардың мобильдік аударымдарын жаппай бақылау туралы ақпарат таратылуда.
Бизнес субъектілеріне салық салу барынша оңайлатылғанын айта кету керек, такси жүргізушілері патент негізінде арнайы салық режимін қолдана алады. Ол бойынша мөлшерлеме жалпы кірістің тек 1% құрайды.
Мысалы, егер кіріс 300 мың теңгені құраса, онда салық айына бар болғаны 3 мың теңге болады. Бұл ретте, кассалық аппаратты сатып алу міндетті емес. Онлайн кассалық аппараттардың бірнеше тегін мобильдік нұсқалары бар», - делінген комитет хабарламасында.
Мәлім етілгендей, келесі жылдан бастап «e-Salyk Business»мобильдік қосымшасын пайдалана отырып жүргізілетін арнаулы салық режимі енгізіледі.
«Осы қосымшада дара кәсіпкерге тіркелуге, салық салу режимін таңдауға болады, қосымша кассалық аппарат ретінде пайдаланылуы мүмкін. Салықтар мен төлемдерді осы қосымшаны қолдана отырып төлеуге болады», - деп нақтылады ведомстводан. Айта кетейік, мемлекет шағын кәсіпкерлікті дамыту мақсатында дара кәсіпкерлерді 2023 жылға дейін кірісінен салық төлеуден босатып, тексеру жүргізуге мораторий жариялады.
«Осыған байланысты кәсіпкерлерді заңды бизнес жүргізуге, нақты кірістерді көрсетуге шақырамыз. Бұл жалпыға бірдей декларациялауды енгізу қарсаңында әсіресе өзекті», - деді Мемлекеттік кірістер комитетінен.