Жаңалықтар 28.11.2021 сағат 12:41

Ассамблеяның апталық жұмысына шолу

23 қарашада ҚХА Хатшылығының кеңейтілген жиналысы өтті.
Ассамблеяның апталық жұмысына шолу
Фото: ашық дереккөз
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

22-25 қараша аралығында Қазақстан Халқы Ассамблеясы Елорда мен өңірлерде бірқатар іс-шаралар өткізді, деп жазады Skifnews порталы. 

Біз осы мақаламызда Ассамблеяның апта бойы өткізген сол іс-шараларына шолу жасап, маңыздыларына ден қоймақпыз. 

22 қарашада Нұр-Сұлтанда ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайында Қазақстан немістері «Видергебурт» орталығының ұлттық конференциясы өтті. Бұл шараға ҚХА төрағасының орынбасары Марат Әзілханов, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғ.Шойкин, халықаралық неміс мәдениеті одағының, Өзбекстандағы, Қырғызстандағы, Украинадағы, Грузиядағы немістер мәдени орталықтарының, Қазақстандағы өкілдіктердің, қорлардың өкілдері және т.б. қатысты. Марат Әзілханов «Видергебурт» орталығының жетістіктерін, олардың бейбітшілік пен бірлікті нығайтуға және Қазақстан мен Ресейдегі, Украинадағы, Қырғызстандағы, Өзбекстандағы, Германиядағы немістер ұйымдары арасында білім, мәдениет, бизнес сияқты салаларда тиімді қоғамдық дипломатия жүргізуде қосқан үлесін және одан әрі даму перспективаларын атап өтті. Ол неміс этномәдени бірлестіктерін театрлар, мәдениет үйлері мен мектептен тыс жұмыс орталықтары жанындағы балалар халық театрлары мен студияларын дамытуға, жан-жақты халықаралық ынтымақтастықты тереңдету үшін халықтық дипломатия құралдарын әзірлеуге атсалысуға шақырды.

Одан кейін ҚХА ұйымдастыруымен Қарағанды облысының Жезқазған қаласында ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің, этномәдени бірлестіктердің және жастар өкілдерінің қатысуымен «Полиэтникалық Қазақстан: ұлттық бірліктің қалыптасуы жағдайындағы этномәдени генезис» тақырыбында кездесу өтті. Іс-шара ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өткізілді. Мақсаты - азаматтарды тарихи-мәдени синтез жағдайында қазақстандық қоғамның құндылықтарына тарту, тәуелсіз, біртұтас мемлекетіміздің басты құндылығы - бірлігімізді сақтаудың маңыздылығын насихаттау, жас­тарға және олардың жобаларына белсенді қол­дау көрсету. Кездесу барысында аталған тақырыпқа қатысты Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі және бұл саладағы жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік саясаттың орны жайында ой қозғалды. Сондай ақ, мемлекеттік тіл – қарым-қатынас құралы ретінде көпэтносты Қазақстан халқын біріктіруші күш болғандықтан, еліміздегі барлық этностың мемлекеттік тілді меңгеруіне бағытталған жобалары да қарастырылды.

Ал Таразда бүлдіршіндер Достық үйіне саяхат жасады. Іс-шараның мақсаты - балалардың туған ел, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыру, этностар, ассамблея, достық үйі, достық, татулық жөнінде дүниетанымын ояту, тіл байлығын дамыту, қоршаған орта және ондағы оларға беймәлім дүниелер мен құбылыстарға білімін ашу. Әр ұлттың ұлттық киімін киіп, арнайы дайындықпен келген өңірлік ассамблеяның ең сыйлы кішкентай қонақтары күмбезді Достық үйінің әр қабатымен танысып, көрме суреттерін тамашалады. Сондай-ақ, балабақша балалары экскурсия барысында әр ұлт туралы біраз мағлұмат алды. Мұнда жиналған әр этностың өмірі мен рухани құрамын бейнелейтін экспонаттармен де танысты.

Сондай-ақ Тараз қаласының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде орыс автор-орындаушысы Алексей Маслаковтың шығармашылық кеші өтті. Бұл шараны «Радонеж» Орыс қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Кеште А.Маслаков әндерінен бөлек, Болат Окуджава, Евгений Евтушенко, Владимир Высоцкий, Александра Гармаш және т.б. шығармалары орындалып, көрермендер жүрегіне жол тапты.

Павлодар қаласының Достық үйінде «НҰР АНА әлемі» қоғамдық бірлестігінің 30 жылдық мерейтойы аталып өтті. Оған этномәдени бірлестіктердің өкілдері, Достық үйінің көркем өнерпаздар ұжымы қатысты.

Қызылордада «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасы аясында Достық үйінде TEDx форматында «Тіл – қазына» атты семинар-кездесу шарасы болып өтті.

23 қарашада ҚХА Хатшылығының кеңейтілген жиналысы өтті. Кеңеске Ақпарат және қоғамдық даму Вице-министрі С.Р.Егізбаев, Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғ.Н.Шойкин, Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық Аналар кеңесінің төрағасы Н.Ы.Шанаи, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты директорының орынбасары А.К.Садвокасова, орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, ҚХА құрылымдары мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері, ҚХА «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының өңірлік штабтарының басшылары және т.б. қатысты. Кеңес барысында ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың 2021 жылғы 21 қазандағы ҚХА Кеңесінің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларының орындалуын ұйымдастыру жөніндегі мәселелер талқыланып, әдістемелік ұсынымдар берілді.

Түркістан қаласындағы «Ұлы дала елі» орталығында «Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы құрылымдар: этносаралық шиеленістің алдын алу мен болдырмаудың тиімді тетігі» тақырыбында семинар өтті. Жиынға Түркістан облыстық және аудан, қалалардағы Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымдары мен этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен мүшелері, бұқаралық ақпарат құралдары мен жастар ұйымдарының өкілдері, облыстық қоғамдық даму басқармасы мен «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшылық құрамы мен қызметкерлері қатысты. Іс-шараның мақсаты – Түркістан облысы аумағында қоғамдық-саяси және этносаралық тұрақтылықты қамтамасыз ету, ұлтына, тіліне қарамастан тұрғындардың бір-біріне деген құрмет, көзқарасын қалыптастыру.

24 қарашада онлайн форматта Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған ҚХА «Достық көпірі» халықаралық жастар конференциясы өтті. Іс-шараның мақсаты – жастар бастамаларын іске асыру бойынша бірлескен күш-жігерді шоғырландыру арқылы әртүрлі елдердің жастар қауымдастығы арасындағы өзара байланысты дамыту. Онлайн конференцияны ҚХА «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы мен Назарбаев университеті бірлесіп ұйымдастырды. Іс-шараға жастар саясаты саласындағы сарапшылар, халықаралық және республикалық жастар ұйымдарының өкілдері, «Жаңғыру жолы» ҚХА РМД белсенділері, блогерлер, еріктілер және т.б. қатысты. Конференция аясында қатысушылар «Тәуелсіздік және жастар: дамудың заманауи үрдістері» және «әруалындылықтағы бірлік: интеркультурализм саясаты» атты екі негізгі тақырып бойынша сөз сөйледі.
 

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар