Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балабақшаларда, мектептерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді назарда ұстау қажет екеніне басты назарда ұстап келеді.
«Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. В.Радлов айтқандай, қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады», деген еді Мемлекет басшысы кезекті жиындардың бірінде.
Қарапайым украин отбасынан шыққан Дмитрий Ромащенко мемлекеттік тілді жетік біліп қана қоймай, оны жалпы білім беретін мектепте жас ұрпаққа үйретіп жүр. Қостанай облысы, Федоровка ауданының тумасы Дмитрийдің қазақ тілін жетік меңгеруіне мұғалімдері ықпал еткен.
«Бірде мектепте қазақ тілінен екілік алғаным есімде. Көңілім түсті, себебі мен осы пәннен диктант жазғанды ұнататынмын. Көп ұзамай барымды салып, қателігімді түзеттім. Бұл менің қазақ тілін жетік меңгеруіме бастау болды деуге болады. Тек сол сәтте ғана өзімді Қазақстан азаматы екенімді және мемлекеттік тілді білу міндетім екенін толық түсіндім», - дейді ол.
Дима қазақ тілін асқан қызығушылықпен оқығанын айтады.
«Мұхтар Әуезов пен Мұқағали Мақатаевтың шығармаларын оқыған сайын, қазақ халқының салт-дәстүрлеріне тереңірек үңіліп, дала көшпенділерінің тарихы мен мәдениетін тереңірек біле түстім. Менің өмірімде қазақ тілі ерекше орын алады. Менің принципті ұстанымым мемлекеттік тілге деген құрмет, шын мәнінде, сен тұратын елге деген құрмет. Өкінішке қарай, солтүстікте қазақ тілінде сөйлейтіндер өте аз. Бұл тұрғыда мені анам қатты қолдады, ол «қазақ тілінің болашағы зор» екенін айтты. Бұл менің болашақ мамандығымды таңдауға көмектесті», - дейді ол.
Дмитрий тоғызыншы сыныпқа өткенде-ақ өңірде қазақ тілін жетік меңгерген оқушы ретінде танымал бола бастаған. Өйткені, ол түрлі конкурстар мен олимпиадаларға жиі қатысып, бірнеше рет жүлделі орындарға ие болды. Мысалы, 2017 жылы «Дарынды балаларға – Талантты мұғалім» республикалық педагогикалық олимпиадасының облыстық кезеңіне қатысып, 2-орынды иеленген. Сондай-ақ, Қостанайда Дмитрий «Қазақ тілі мен әдебиетінің үздік мұғалімі-2017» облыстық педагогикалық олимпиадасында «Жаңашыл мұғалім» деп танылады.
11-сыныпқа келгенде Дмитрий болашақта қазақ тілінің мұғалімі болғысы келетінін нақты шешеді. Ол бұл бағытта екі маңызды мақсатты көздеді: тіл үйрену және оны өзгелерге үйрету. Сол себепті де Дима университетке түсерде емтиханды мемлекеттік тілде тапсырады. Оқу бітіргеннен кейін өзгелер сияқты табысты мансап қуып, ел астанасына емес, туған ауылы Федоровкаға барады, онда еңбек жолын қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі ретінде бастайды. Екі жылдан кейін облыс орталығына көшіп, М. Горький атындағы мектеп-гимназияға ауысады. Осылайша, соңғы алты жыл бойы Дмитрий педагог ретінде өз тәжірибесімен бөлісіп, жас ұрпақты мемлекеттік тілді тез, ең бастысы сапалы меңгеру жолын үйретіп келеді.
Жас маман қазақ, орыс, украин, ағылшын тілдерін жетік меңгерген. Дмитрийдің пікірінше, мектептерде қазақ тілін сапалы оқыту мәселесі әлі де өзекті күйде қалып отыр. Оның айтуынша, төртінші сынып оқушыларының бағдарламасын 5-6 сыныптарға бейімдеу керек, өйткені оқулықтағы бағдарламаны балалардың игеруі өте қиын. Сондай-ақ, балалардың бірқатары үй тапсырмаларын орындау барысында репетиторлардың көмегіне немесе одан да сорақысы, қазақ тілін жетік білмейтін онлайн-аудармашылардың көмегіне жүгінетін жайттарды да назардан тыс қалдыруға болмайды.
Жас маман көп дүние педагогке байланысты екеніне сенімді. Оқушының тіл үйренуіне қаншалықты ынталандыра алатыны, баланың болашақта саналы таңдау жасауына байланысты. Ең бастысы, мұғалім кеңес беруі, оқушысын дұрыс бағыттай білуі, оны барлық жағынан қолдауы маңызды.
Тағы бір айта кетерлігі, Дмитрий тіпті қазақ тілін тиімді интерактивті оқыту жөніндегі өзінің жеке бағдарламасын әзірлеп шықты. Дәл осы әдістеме оған өткен жылы ҚХА-ның «Мың бала» республикалық байқауында «Тіл мектебі» бағытында жеңіс әкелді. Осы жетістігі үшін ҚХА Алғыс хатымен марапатталды.
«Бастысы – қай тілде болса да, сөйлеуден ұялмау керек. XXI ғасыр – жоғары технологиялар ғасыры. Интернет кеңістігінде бейнесабақтар, роликтер, сызбалық сабақтар, әртүрлі сайттар мен аудармашылар жеткілікті. Ал да үйрен. Адамға үнемі жаттығу керек. Ешбір жағдайда онлайн-аудармашылардың көмегіне жүгінбеген абзал. Олар адамды жалған жолмен алып кетеді. Бұл факт. Нәтижесінде қазақ тілін бұрыс түсіну орын алады», - деді Дмитрий.