Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінде этносаралық саладағы мемлекеттік саясатты табысты жүзеге асырудың аса маңызды құралы, оның аясында елімізді мекендейтін барлық этностардың өзара іс-қимылы қамтамасыз етілген тиімді алаң болып отыр. Құрылғаннан бергі жиырма алты жыл ішінде ҚХА ұлтаралық келісімнің мемлекеттік моделінің негізгі элементіне, қоғамдағы қуатты тұрақтандырушы факторға айналды.
Сонымен бірге ол өзінің қызмет ету кезеңінде парламенттік институттарды алмастырған жоқ. Этностарды бақылаудың өзіндік бюрократиялық құралына айналмай, халықтың мүддесін біріктіретін, барлық азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қатаң сақталуын қамтамасыз ететін негізгі институтқа айналды.
Айта кету керек, Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған жылдар ішінде көптеген қызықты жобаларды жүзеге асырып келеді. Атап айтқанда, Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған «Болашақ үшін естелік» жобасы ел ішінде танылып, халықаралық деңгейде белгілі болды.
Жобаның мақсаты – жалпыұлттық тарихи сананы қалыптастыруға және оны келешек ұрпаққа жеткізуге үлес қосу. 2018 жылдан бастап ҚХА-ның «Қазақтану» атты мәдени-ағартушылық жобасы жүзеге асырылуда. Басты мақсат – барша қазақстандықтардың ортақ мәдени кодексі, ортақ құндылықтары мен ұлттық тарихи санасы негізінде халық бірлігін нығайту.
ҚХА 26 жылда көптеген жетістіктерге жетті. Бүгінде Қазақстанда әрбір этносқа барлық жағдай жасалып, олардың мәдениетін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын сақтауға тең мүмкіндіктер жасалған. Барлық өңірлерде қазақстандық этностардың өкілдері мәдениетін дамытатын, тілдерді үйренетін Достық үйлері жұмыс істейді.
Осы орайда Ассамблеяның Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке бастамасымен құрылған бірегей интеграция институты болғанына және болып қала беретініне баса назар аудару керек. Аталмыш ұйым арқасында этникалық топтар кез келген мәселені өз этносының емес, бүкіл мемлекет пен қоғамның көзқарасы тұрғысынан қарастыруды үйренді.
Ең бастысы, елімізде оқшаулану стратегиясын таңдайтын этностар жоқ. Бұл жерде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Комсомольская правда» газетіне (2020 жылғы 3 маусымдағы) берген сұхбатын айта кеткен жөн, онда Президент «Қазақстандықтар өздерінің этникалық тегіне қарамастан, өздерін біртұтас халықпыз, біртұтас ұлтпыз деп санайды», деген еді. Қазақстанда «ұлттық азшылық» деген ұғым жоқ. Мемлекет құрылысының жаңа кезеңінде «бейбітшілік пен келісім» қағидасының маңызды саяси және конституциялық константаларының бірі ретінде маңызы арта түсуде.
Қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыру шаралары қолға алынған. Қазақстан Республикасы Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігінің Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті құрылды. Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты іргесін көтерді. Институт қызметінің негізгі пәні - этносаралық қатынастар саласындағы зерттеулер болып саналады.
«Аймақтық деңгейде басқару жүйесі де жетілдіріліп жатыр. Бұл шаралардың барлығы этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыруға арналған. Сондықтан алдымызда ел бірлігін, Елбасының татулық пен келісімді нығайту бағытының сабақтастығын қамтамасыз ету мәселелерінің барлық спектрі бойынша жауапты жұмыс тұр», - деді Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялардың бірінде.